Жамбыл облысында «Денсаулық» саябағы салынып, «Анаға тағзым»  аталатын ерекше ғимарат бой көтереді

0 17

Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында «Анаға тағзым» ерекше ғимараты салынады. Қазіргі таңда аналардың құрметіне арналған ескерткіштің макеті әзірленуде.  Бұдан бөлек «Денсаулық» саябағы бой көтеріп, бірнеше алаңшалар салынады деп күтілуде. Бұл туралы қала әкімі Айтқазы Қарабалаев айтты,-деп жазады  «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Тарихы тереңнен бастау алатын Тараз шаһарының сәулеттік келбетін арттырып, шежіресін ұрпақ санасына сіңіріп, туризмнің ордасына айналдыру үшін кешенді жобалар жүзеге асырылуда. Бұл бағытта  «Тектұрмас» мәдени-тарихи кешенінің  құрылысын жалғастыру және «Әулиеата» ескерткішінің аумағын абаттандыру, магистралдық- коммуникациялар желісі және  Оқушылар Сарайы құрылысын жүргізілмек. Дәл қазір «Тектұрмас» этно-тарихи кешенін қайта жаңғыртудың екінші кезеңі іске асырылып жатыр. Жоспар бойынша  ескі бекініс жөнделіп, кешен шекарасы кірпіштермен қаланған қабырғамен қоршалады. Ондағы бақылау алаңдары мен қамал аллеямен жалғасып,  облыстың тарихи нысандары мен жәдігерлердің макеттері орналасады.

Бекініс пен бақылау алаңдарының арасында ұзындығы 15-20 метр болатын панорамалық панел  жобаға енген. Мұнда  ел  тәуелсіздігі тарихындағы маңызды оқиға – Атлах пен  Аңырақай шайқастары туралы құнды дүниелер көрініс табады.  Бұдан бөлек, жағалау, тоған және жасанды сарқырама салу да көзделіп отыр. Тағы бір үлкен жоба – Қарасу алқабында «Денсаулық» саябағы бой көтереді.Саябақта бірнеше спорт алаңдары, велосипед жолағы және   workout алаңшалары ашылады деп күтілуде,-деді қала басшысы.

Таразда бой көтеретін «Анаға тағзым» ерекше ғимараты да  қаланың көрікті жерлерінің біріне айналмақ. Қазіргі таңда аналардың құрметіне арналған ерекше ескерткіштің макеті әзірленуде. Сондай-ақ  мұндағы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ескерткіш маңында этно-ауыл пайда болмақ. Жақын арада «Арбат-3» жаяу жүргіншілер аллеясының құрылыс жұмыстары  аяқталады деп күтілуде. Бірегей сәндік элементтері мен жарықтармен безендірілген аллея серуендеушілерге керемет көңіл күй сыйлайтыны  сөзсіз. Бұл ғимарат Тараздың  ерекше жерлерінің бірі болмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.