Зейнетке шыққанға дейін ұзақ жылдар бойы үздіксіз мемлекеттік қызмет атқарыппын, мемлекеттік қызмет өтілім 32 жылдан асса, оның ширек ғасыры еліміз Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта екен. Сондықтан Тәуелсіз елімнің өсіп-өркендеуіне, жеткен жетістіктеріне мен де өз үлесімді қостым деп есептеймін және оны үлкен мақтаныш етемін.
Мемлекеттік қызметшінің жолында қашанда қызығы мен қиындығы қатар жүреді, тіпті кейде ауырлығы басымдау да болатын кездер кездеседі, кейде жұмысты белгілі бір уақыт шеңберіне сыйдыру да мүмкін болмай қалатыны бар. Оны мемлекеттік қызметте істеген адам ғана біледі, түсінеді. Сол себепті мемлекеттік қызметші жұмыс уақытын барынша тиімді пайдалануы керек.
Бәлкім, неге қиыншылықтарды айтып кетті деген сұрақ та туындар. Себебі, мемлекеттік қызметті тек мансап қуу үшін, белгілі бір дәрежеге жету үшін, жеңіл қызмет деп адасып келіп қалатын да жандар болуы мүмкін, соларға құлақ қағыс етіп отырғаным. Мемлекеттік қызметке келуді мақсат еткен, оған қадам басқан әрбір адам мансабын сатылап өсіруді, ұлтқа қызмет етуді ұстанғаны жөн. Бізде жақсы заң талаптары жеткілікті, тек сол талаптарды әр мемлекеттік қызметші жүрегімен түсіне білсе екен деймін.
Мемлекеттік қызметші қандай болуы керек дегенге айтарым: олар- халық пен билік арасындағы алтын көпір іспеттес. Жан-жақты, мықты маман, қарапайым, патриот, мәдениетті, әділетті, шыншыл, адал, сөйлегені сөзі түсінікті(анық), жауапкершілігі жоғары, жүрегі кең болуы керек. Оның үстіне психолог та болу керек. Сауаттылық, шешендікке көңіл бөлгені де абзал. Төле би бабамыз айтып кеткен ғой: «Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, Тауып айтқан сөзге шын жетпейді. Өзің білмесең білгеннен үйрен, Үйренгеннен ештеңең кетпейді» деп.
Мемлекеттік қызметшінің алдына келген адам өз мәселесінің жылдамырақ шешілуін талап етіп, үміт артып келеді. Бірақ, жедел шешімін табатын да, ұзақ уақыттан кейін шешілетін де мәселелер көптеп кездеседі. Осындай сәтте мемлекеттік қызметшілер келушіні биязы қабылдап, жағдайды барынша түсіндіруі керек. Сонда ғана келген адам оның ақыл-парасаты мен өзін-өзі ұстауына көңілі толып қайтады.
Қоғам дамыған сайын заманның ағымына сай, халыққа сапалы қызмет көрсету үщін мемлекеттік қызметші үнемі өзінің білімін жетілдіріп, біліктілігін көтеріп отыру қажет және бұл – өзін-өзі жетілдіру тұрақты процес екені даусыз.
Уақыттың көші алға жылжыған сайын, жылдан жылға оларға қойылатын талаптар да күшейтіліп келеді. Кейінгі кезде ұтқыр (мобильді) болу, яғни, адамның тапсырмаларды жылдам орындауға дайын болуы, жаңа жағдай туындап қалса, одан қалай шығу қажеттігі де туындап отырған сияқты.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда да басты рөл мемлекеттік қызметшілерге тиісті, себебі олар бұқара мен билік арасындағы алтын көпір іспеттес.
Сондықтан да көп нәрсе мемлекеттік қызметшінің кәсіби біліктілігіне, жедел түрде ой қорытып, қандай да бір мәселелерді шешу жауапкершілігін өз мойнына ала білу дағдысын игергендігіне, дұрыс шешім қабылдап оны іске асыра білуіне байланысты болары хақ. Мемлекеттік органдардың, мемлекеттік қызметшілердің жұмысына қарап, халық билікке, оның ел тұрғындарына деген көзқарасына баға береді.
Жуыр арада «Үздік мемлекеттік қызметші» республикалық конкурсының өңірлік І кезеңі өтті, конкурстық комиссия мүшелерінің бағалауына бойынша Жамбыл облысынан үш мемлекеттік қызметші республикалық кезеңге жолдама алды, оларға енді тек сәттілік тілеймін. Жалпы мұндай конкурс жыл сайын өтіп, дәстүрге айналып келеді. Бірақ, биылғы конкурс әлемді дүр сілкіндірген COVID-19 пандемиясының салдарынан еліміздегі карантиндік шараларға байланысты оңтайландырған түрде өтуде. Әрбір қатысушының «Неге мен Үздік мемлекеттік қызметші атағына лайықпын» тақырыбына мотивациялық жазған эссесі мен кейстік тапсырмаға байланысты бейне жауабын комиссия мүшелері қашықтан сараптап, балдық шкаламен бағалаумен шектелді.
Конкурсқа дайындалу барысындағы әрбір қатысушы мемлекеттік қызметшінің ізденістері олардың мәртебесінің өсуіне қомақты үлесін қосады. Бұл байқау олардың кәсіби деңгейлерін шыңдайды. Эссені жазғанда олардың әрқайсысы кәсіби жеке жетістігі, өздері қызмет атқарып жүрген органның жүктелген міндеттері мен функцияларын іске асырудағы қосқан жеке үлестерін баяндаған, мұның өзі олардың өз істерін саралау барысында, келешекте қандай жетістіктерге қол жеткізуге болатынын айқындайтын жол табуға жетелейтіні анық.
Барша әріптестерімізді, мемлекеттік қызметтің ардагерлерін 23 маусым күні аталып өтетін Мемлекеттік қызметші күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қызметте абыройлы болып, отбасыларында амандық пен бақ-береке бола берсін.
ТҰРАПБАЙ РАБИҒА ЕРТАЙҚЫЗЫ, мемлекеттік қызмет саласының ардагері