Жамбыл облысында өндірілетін «Моцарелла» сырына сұраныс жоғары

0 16

Жамбыл облысы Жуалы ауданында орналаласқан «З.Мешелова» сыр зауыты өндіретін «Моцарелла» сырына сұраныс жоғары. Сапалы, дайын өнім бүгінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Қызылорда, Тараз өңірлеріндегі дүкендерге тасымалдануда,- деп хабарлайды  «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Аудандағы ірі сыр зауыттардың бірі — «З.Мешелова» сыр зауыты 10 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Бұл зауыттың басқа зауыттардан ерекшелігі «Моцерелла» сырын өндіруінде. Кәсіпорын өндірген бұл сыр еліміздің барлық аймағында сатылуда.

-Жұмыс таңертең сағат жетіде басталады. Алдымен сүт тасымалдаушылардың әкелген өнімін зертханадан өткіземіз. Онда сүттің құнарлылығы, қышқылдылығы тексеріледі. Талапқа сай болса, арнайы ыдысқа құйылған құбырлар арқылы тоңазытқышқа жіберіліп, сонда жиналады. Одан соң арнайы пастерлеу аппаратына құйылып, 90 градуста пастерленеді. Әрі қарай ваннаға құйылып, ірітіледі. Ірітілген сүт арнайы формаға салынып тығыздалады. Дайын болған сыр екі күнге тұзды суда тұрады. Тұзды судан алынған сырларды жұмысшылар арнайы материалдармен орап, мұздатылған қоймаға жинайды,-деді сыр зауыттың бүгінгі тыныс-тіршілігі, жұмыс процесі жайлы әңгімелеген Орынбасар Сағымбекұлы .

Сыр дайындайтын бұл құрылғылардың барлығы Болгариядан алынған. Соңғы үлгідегі аппараттар. Жұмыстың барлығы компьютерлендірілген. Өнімдер аппараттарда өзінің уақыты, сапасы жеткенше тұрады. Мәселен, сүт толық піспесе келесі аппарат қабылдамайды. Сондықтан сапасы жоғары. Мұнда сырдың бес-алты түрі шығарылады. Олардың әр қайсысының дайындалу технологиясы әртүрлі. Оның ішінде ерекшесі «Моцерелла» сырын жасайтын Итальядан жеткізілген құрылғы. Сырдан басқа сары май, қаймақ, ірімшік, т.б 15 түрлі өнім өндіріледі.

— Айран, тағы бір-екі түрлі сыр өндіретін екінші цех дайындап қойып едік. Төтенше жағдайға байланысты іске қоса алмай отырмыз. Себебі, кейбір керекті заттарды шетелден алдыруымыз қажет. Бұл бизнесіміз отбасылық кәсіп. Жұмысты жүргізу де оңай емес. Төзімділік, тынымсыз еңбек керек. Отбасымызбен жұмылып еңбек етіп жатырмыз. Ұлдарым келінім жұмыстың басы-қасында жүрсе, үйде жұбайым Зағира мен кіші келінім Майра екеуі біздің алаңсыз жұмыс істеуімізге жағдай жасап отыр,-дейді зауыт басшысы.

Кәсіпорында 23 жұмысшы еңбек етеді. Оның төртеуі оператор, сегізі әмбебап маман. Айлық жалақылары 85 120 мыңның аралығында.

-Менің бұл зауытта жұмыс істеп жүргеніме үш жылдай болды. Пастерлеу құрылғысының жұмысын қадағалаймын. Жұмыстың барлығы автоматтандырылған. Айлығым 100 мыңның үстінде. Жалақымызды уақтылы алып отырамыз. Жұмысыма ризамын,-дейді

Қазіргі таңда күніне 18-19 тонна сүт қабылдап жатырмыз. Алда мамыр-маусым айларында 25-26 тоннаға дейін сүт қабылаймыз деген жоспарымыз бар. Зауыттың 25-26 тонна сүтті өңдеуге мүмкіндігі жетеді,- дейді кәсіпорынның операторы Ерғали Бейсалиев.

-Өндірген өнімдеріміз жоғары сұранысқа ие. Өткеру мәселесінде ешқандай қиындықтар жоқ. Әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Қызылорда, Тараз өңірлерінде сұраныс жоғары. Тіпті «Моцерелла» сырын шығарып үлгермейміз.

Өнімімізді аудан тұрғындары да тұтынсын деген мақсатпен аудан орталығында да шағын дүкеніміз бар. Өнімдеріміз сонда қойылады. Бағасы да қолжетімді.

Халықтан сүттің литрін орта есеппен 110 теңгеден қабылдаймыз. Зертханада сүттің құнары тексеріледі. Егер сүт өзінің базисінен жоғары болса, оның бағасы басқаша есептеледі. Жалпы біз халықтың сүтінің ақысы, жұмысшыларымыздың еңбекақысын уақтылы төлеп отырамыз,- дейді Орынбасар Сағымбекұлы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.