«Жұмыспен қамтудың жол картасы» Жамбыл облысындағы халықты жұмыспен қамтамасыз етудің және әлеуметтік мәселелерді шешудің тиімді құралына айналды. Өңірде аталған бағдарлама аясында 831 жобаны жүзеге асыру жоспарланған,-деп жазады “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
Оның ішінде 180 жоба әлеуметтік нысандардың инфрақұрылымын дамытуға, 200 жоба – ТКҮШ, 327 жоба – инженерлік-көлік инфрақұрылымын дамытуға, 124 жоба елді мекендерді абаттандыруға бағытталған.
Өңірде 19 599 жаңа жұмыс орнын құру көзделуде. Жұмыспен қамтылған жұмысшылардың кемінде жартысы жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналасуы керек.
Бүгінгі таңда 821 жоба іске асырылуда, оған 14 мыңнан астам адам, оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы 7 мың адам тартылған.
Бағдарлама тұрғын үй мәселесін шешуге де өз үлесін қосуда. Оның шеңберінде 706 пәтерлік 12 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған, бұл тұрғын үй кезегіндегілердің баспана мәселесін 2 пайызға төмендетеді деп күтілуде.
Баспана мәселесін шешуге арналған жобалардың бірі Шу ауданында жүзеге асырылуда. Ауданда «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы аясында 27 тұрғын үй жөнделіп, жұмыстардың жалпы сметалық құны 195 млн 497 мың теңгені құрады. Оның ішінде 19 үй республикалық бюджет қаражаты, сегіз үй қайтарылатын қаражат есебінен жөнделген. Ағымдағы жылы тағы үш үйге жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілген десек, оның сметалық құны — 19 млн. 260 мың теңгеге айналған.
«Жұмыспен қамтудың жол картасын» іске асыру нәтижесінде өңір бойынша материалдық-техникалық база жаңартылып, денсаулық сақтау мен спорт нысандарының қол жетімділік деңгейі артады. 20 мыңнан астам ауыл тұрғындары таза ауыз сумен қамтылып, орталықтандырылған сумен жабдықталған тұрғындар үлесі 72 пайыздан 75,4 пайызға дейін өспек. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайда жолдардың үлесі 59,5 пайыздан 77,2 пайызға дейін, абаттандырылған аулалар үлесі 9,7 пайыздан 31 пайызға дейін артуы көзделген.
Сонымен қатар, Қордай ауданындағы Масанчи, Сортөбе, Булар батыр, Қаракемер ауылдары газдандырылады. Табиғи газбен 50 мыңнан астам адам қамтамасыз етілмек.