Жуалы ауданындағы медицина қызметкерінің шағымы бойынша жүргізілген тексеру нәтижелері жарияланды, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
⠀
Күні кеше әлеуметтік желілерде жарияланған Жуалы аудандық орталық ауруханасының медицина қызметкері Фарида Жанбатырованың өтініші бойынша ішкі тергеу жүргізу үшін Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасы бойынша арнайы комиссия жіберілді.
⠀
Комиссия құрамында денсаулық сақтау басқармасының, облыс әкімі аппаратының қызметкерлері және қоғам өкілдері бар. Тексеріс барысында комиссия мүшелері медицина қызметкерлерімен, медициналық мекеме ұжымымен жеке кездесулер өткізіп, сондай-ақ анонимді сауалнама жүргізді. Себебі, комиссия мүшелеріне айтылған барлық фактілерді объективті және бейтарап түрде анықтау, емдеу мекемесі қызметкерлерінің құқықтарының бұзылуына жол бермеу бойынша нақты шаралар қабылдау міндеті қойылған болатын.
Тексеріс нәтижесі бойынша Фариза Жанбатырованың кейбір дәлелдері расталып, ұжымда жағымсыз моральдық-психологиялық жағдай қалыптасқандығы анықталды. Ал, оған ең алдымен емдеу мекемесі басшылығының кәсіби міндеттеріне жауапсыз қарауы әсер еткен. Жіберілген бұзушылықтар үшін ОАА бас дәрігері Б.Алпысбай, бас дәрігердің экономика жөніндегі орынбасары Абзал Байтореев қызметінен босатылатын болады.
Сондай-ақ, Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебековке сөгіс жарияланады. Ал, істің барлық материалдары құқық қорғау органдарына жолданды.
Атап өтейік, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының жауапкершілігі карантин режимі аяқталғаннан кейін қаралатын болады.