Тараз тағы да түрленеді! Облыс орталығында жаңа жағажай, жасанды сарқырама мен бірнеше кәсіпкерлік нысандар салынады. Бұл туралы облыс әкімінің шаһарды кезекті аралауы барысында мәлім болды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» ақпарат агенттігі.
Қазірде қалада жаңа нысандар мен архитектуралық формаларды салу бойынша күрделі жұмыстар әлі де жалғасуда. Облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешов «Тектұрмас» кешенін қайта құрудың екінші кезеңін жүзеге асыру барысы туралы баяндады.
Жоспар бойынша ескі бекініс жөнделіп, аллея бойында аймақтың тарихи құрылымдарының макеттері орын теппек. Мұнда жағажай, жасанды сарқырама және кәсіпкерлік нысандары да салынады деп күтілуде.
Олар кешеннің маңындағы Талас өзенінің жағасынан бой көтеретін болады. Бердібек Сапарбаев Тектұрмас кешені аумағында өрбіген ауқымды құрылыс жұмыстары нысанның отандық және шетелдік туристер үшін тартымдылығын арттыруға бағытталғанын атап өтті.
— Мұнда туристер үшін барлық жағдай жасалады. Қолайлы орындықтар қойылады. Оның бәрі ұлттық нақышта безендіріледі, — деді облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешов.
Сонымен қатар, кешенде келушілерге барлық қолайлы жағдайды жасалып, заманауи техникалық талаптарға сай болуы тиіс, — деп атап өтті облыс әкімі.
Туристердің көпшілігін мұндағы Атлах және Аңырақай шайқастарына арналған панорамалық соғыс панелі қызықтыруда. Бердібек Сапарбаев облыс орталығын аралау барысында су шаруашылығы нысандарының мәселелерімен де танысты. Ол Түйте, Үшбұлақ, Қапал каналдары мен Айша-бибі көшесінде орналасқан дренажды каналдың жай-күйімен танысты.
Өңір басшысы ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Суару жүйесінің үздіксіз жұмысы қоршаған ортаны жақсартуға оң әсерін тигізеді. Алайда суару жүйесінің жағдайына бей-жай қарайтын тұрғындардың кесірінен бұл жоспарлар орындалмауы мүмкін. Кейбір жеке үйлердің иелері өз аулаларын тротуарларға дейін ұзартып, суару арықтарын бетондап жауып тастаған. Облыс әкімі бұл мәселені жан-жақты зерделеуді тапсырды.