Жамбыл облысында азот өндіру зауыты іске қосылады

0 30

Жамбылда келешекте Азот өндіру зауыты іске қосылады. Ауқымды жобаны әйгілі «Еурохим» компаниясы қолға алмақшы. Алпауыт компанияның біздің аймақтағы стратегиялық даму жоспары бүгін облыстық әкімдікте талқыланды, — деп жазады «ZhambylNews» ақпарат агенттігі.

Қаратау тау-кен орнында жұмыс істеуге ниет білдірген ресейлік «Еурохим» минералды-тыңайтқыштар» компаниясы мен Қазақстан үкіметі арасында 2012 жылы уағдаластық жасалған болатын. Нәтижесі бүгінде Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласы маңынан салынған алып зауыт өз жұмысын ұршықша иіріп отырған жайы бар. Алып өндіріс жобасын жүзеге асыру үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі яғни, өндіріс орнына қарай инфрақұрылым жүйелерін тарту мен тау-кен орнын барлау жұмыстары аяқталған. Ал екінші кезеңінде алып химиялық кешен құру жоспары тұр.

— Бұл жобаның қалай жүзеге асырылатыны әлемдік қауымдастықтың назарында десе болады. Жоба тек Қазақстан мен Ресей үшін ғана емес, әлемнің өзге елдері үшін де тиімді болмақ.Яғни, осы жоба арқылы барлық химия саласын дамытуға сеп болатыны сөзсіз. Сондықтан болар, инвестициялық жобаны қолдауға көптеген инвесторлар әзір,-деді Дмитрий Валышев

Химиялық кешенде азоттық және фосфорлық тыңайтқыштар кешенді тыңайтқыштар, жемдік фосфаттар, апатитті, темір кенді және бадделитті қоспалар өндіріледі. Ресейлік компанияның өңірдегі тау-кен өндіру саласына қосып жатқан үлесі айтарлықтай. Жобаның екінші кезеңінде кәсіпорын жылына 1,3 млн тонна минералды тыңайтқыш өндіруді көздейді. Жоба толық қуаттылығымен іске қосылғанда, 1200 адам жұмыспен қамтылмақ. Ал Үшінші кезеңінде компания азот өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр.

— Нақтылы кезеңде біз қазынаға әлеуметтік дамуға және салық ретінде 50 млн АҚШ долларын құйдық. Біздегі жұмыс орындары тұрақты, әрі ұйымдасқан түрде. Мәселен, Жаңатастағы жұмысшылардың 98 пайызы жергілікті тұрғындар. Қазір бұл көрсеткіш 1-2 пайызға төмендеп жатыр, себебі химиялық комбинатты салуға өзге жақтардан арнайы мамандарды тартудамыз. Бұл көп емес, дегенмен, құрылыс жұмыстарына тартылатындардың 95 пайызы жергілікті азаматтар болмақ. Ал жаңа зауыт жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Мәселен, зауыттың өзіне 800-ге тарта адам еңбек етсе, тау-кен өндірісін қоса алғанда 1200 жұмыс орны ашылады. Тағы 2000-3000 қосалқы жұмыс орындар тағы бар, — деді кәсіпорын директоры.

Айта кету керек, кеңес үкіметі кезінде жасалған барлау жұмыстарының нәтижесінде Қаратаудағы фосфор қорының айтарлықтай мол екендігі анықталған. Ол әлемдегі жетекші орындардың қатарында. Ресейлік компанияның нақ осы кен орнында жұмыс істеуге құлшыныс танытуының бір себебі де осы. Әлбетте, компанияның мұндай мол қормен жұмыс істеуі өздеріне тиімді болса, мұндай үлкен инвестормен жұмыс істеу облыс өнеркәсіп саласы мен жергілікті тұрғындар үшін де тиімді болмақ.

Серіктестіктің алдағы уақытта атқаратын әлеуметтік жобалары да баршылық. Солардың қатарында жол құрылысы, темір жол салу ісі мен өндіріс ошағына жақын елді мекендерге газ құбырын тарту жұмыстары бар. Оған қоса, Жаңатас қаласының әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасын да жасақтапты. Компанияның аймақ экономикасын дамытуға қосатын үлесі де қомақты. Жылына қазына қоржынына салықтан түсетін қаржының өзі 16 млрд-қа жуық. Бұдан бөлек, минералды тыңайтқыштар өнеркәсібінің дамуы елдегі агроөнеркәсіп саласының шет елден тасымалданатын тыңайтқыштарға деген мұқтаждығын жоймақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.