Жамбыл облысында жыл соңына дейін 10 инвестициялық жоба іске қосылады

0 5

Биыл Жамбыл облысында 84,9 млрд.теңгеге 13 инвестициялық жоба іске асырылып жатса, жыл соңына дейін олардың қатары тағы 10 –ға артады. Бұл туралы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев облыс әкімдігінде өткен жиында мәлімдеді, — деп жазады «ZhambylNews» ақпарат агенттігі.

Жамбыл облысында «индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы» аясындағы 26 жоба бойынша 6 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Іске асыру мерзімі – 2020-2025 жылдар аралығы. Олардың қатарында химия өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені, металлургия, фармацевтика, машина жасау салаларындағы жобалар бар.
2019 жылы жалпы сомасы 4,5 млрд.теңгеге 4 жоба іске асырылды.

Атап айтсақ, «GREENWILL» ЖШС аквапоника технологиясы негізінде салат дақылдары мен балық өндірісі жолға қойылып, «Super-pharm» ЖШС бір реттік медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндіру зауытының корпусы ашылды, «Қордай сүт өнімі» ЖШС балмұздақ өндіру бойынша жаңа автоматтандырылған желісін енгізсе, ал, «Қордайкорм» ЖШС малға арналған құрама жем өндірісін кеңейтті. Барлығы 350 тұрақты жұмыс орны құрылған.

Ағымдағы жылы жалпы құны 84,9 миллиард теңгені құрайтын 13 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін «Astana Food Storage» ЖШС ауылшаруашылық паркін ашса, «Wind powercity» ЖШС жел электр станциясы өз жұмысын бастады. Сондай-ақ, «Азия Сад» ЖШС интенсивті бақшаны іске қосқан.
Жыл соңына дейін 66,1 млрд.теңгеге тағы 10 жоба жүзеге асырылмақ.

— Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері шикізатпен, экспортпен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге бағытталған Жол картасын әзірлеуі керек. Ол алдағы уақытта кәсіпорындардың толық қуатына шығуына мүмкіндік береді, — деді Аспандияр Сейсебаев.

— Егер сіздер өз міндеттеріңізге жауапкершілікпен қарасаңыздар, онда ауылшаруашылығы саласында көптеген бірегей жобаларды жүзеге асыруға болар еді. Мысалы, Жуалы ауданында картоп талайдан бері өсіріліп келеді. Бірақ егін алқаптары мен өнім көлемін ұлғайтуға, техникамен қамтуға көмектесу қажет. Көкөністер мен жемістермен қамтамасыз ету мәселесін шешуге болады. Баламалы энергия көздерін пайдалана отырып, бизнесті дамытуға мүмкіндік жеткілікті. Әкімдер бұл туралы ойласып, әлеуетті инвесторларды тарту, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде бизнес-жобаларды қолдау бойынша жұмыстар жүргізу керек, — деді аймақ басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.