Жамбыл облысының ауыл тұрғындарына тегін құқықтық көмек көрсетіледі. 16 қарашадан бастап Жамбыл облысында «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы жұмысын бастайды. Пойыз тұрғындарға тегін медициналық және құқықтық қызмет көрсетеді. Жоба ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қоры және Денсаулық сақтау министрлігі серіктестігімен жүзеге асып, халық арасында үлкен қолдау тапқан.

«Біздің мақсат – ауыл тұрғындарының құқықтарын қорғау және олардың тұрғылықты жеріне қарамастан заңгерлік көмек алуына жағдай жасау. Бұған дейінгі өңірлердің тәжірибесі мұндай қызметтердің өте қажет екенін көрсетті», — деді Ұлттық комиссия мүшесі. Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қорының бас директоры Альфия Адиева.
Жоба аясында еліміздің 16 өңіріндегі тұрғындар еңбек дауларын шешуге, интернет-алаяқтықтан жоғалтқан қаражаттарын қайтаруға, «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» алқаларын рәсімдеуге, санаторийлік емге квота алуға, алимент, зейнетақы, салық төлеу мәселелерін реттеуге мүмкіндік алды.
Пойыздың Жамбыл облысы бойынша маршруты 16 қарашада Боранды ауылынан басталып, Тамды, Үшбұлақ, Ақшолақ, Аспара, Хантау, Шығанақ, Манарал, Көктас және Шоқпар арқылы өтеді.
Тоқтау кестесі:
• Боранды — 16–17 қараша
• Тамды — 18–19 қараша
• Үшбұлақ — 20 қараша
• Ақшолақ — 21–22 қараша
• Аспара — 23 қараша
• Хантау — 24–25 қараша
• Шығанақ — 26–27 қараша
• Манарал — 28 қараша
• Көктас және Шоқпар — 29 және 30 қараша.
Құқықтық көмектен бөлек, тұрғындар терапевт, хирург, педиатр, кардиолог, невропатолог, офтальмолог, стоматолог, гинеколог, уролог, психолог және басқа да мамандардың қабылдауына өте алады. Пойызда УДЗ, ЭКГ, флюорография, гастрофиброскопия кабинеттері және зертханалық талдау бөлімдері жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда шағын хирургиялық операциялар жасалады.
Барлық қызметтер тегін көрсетіледі, оның ішінде МӘМС жүйесінде тіркелмеген пациенттерге де тегін. Медициналық пойыз заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген және санитарлық-техникалық талаптарға толық сәйкес келеді.
Пойыздың толық кестесі www.medpoezd.kz сайтында жарияланған.