Бүгін Жамбыл облысында жұртшылықтың қолдауымен, асарлатып салынған алғашқы баспана тапсырылды. Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтың және «Рухани жаңғыру» жобалық офисының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жоба аясында өңірде алғашқы болып бірінші баспананың құрылысы Байзақ ауданы Мәдімар ауылында аяқталды, деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Салтанатты шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев, Байзақ ауданының әкімі Нұржан Нұржігітов пен ауыл тұрғындары қатысты.
— Асарлату — ата-бабамыздан келе жатқан игі іс. Бұл елді бірлікке, елдікке, ынтымаққа шақыратын, мұқтаж азаматтарымызға, жетім, жесір, аз қамтылған отбасыларға көмек болатын жоба. Қазақ ешқашан жетімін, жалғызын жылатпаған. «Алаштың ұлдары біріксе күш, қосылса қуат болады» дейді осындай күш біріктірген жомарт меценаттарымызға алғыс айтамыз! — деді Ержан Жаматұлы.
Қазірде өңірде жоба аясында 106 үй тұрғызылып жатса, бұл ауданда 16 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Алғашқы баспанаға Құрмановтар отбасы ие болды.
— Бұған дейін ауылда квартира жалдап тұрғанмын. Күйеуім қайтыс болған. Қазірде балаларымның алды 17де, барлығы мектепте оқиды. Бір өзіме қиын болды. Ал осы бастаманы қолға алып отырған облыс әкіміне алғысым шексіз! Ынтымағы мен бірлігі жарасқан ауыл тұрғындары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып білек сыбана кірісті. Мұның бәрін тегін жасады. Барлығына рахмет! — деді Ғалия Құрманова.
Асарға ауылдың жомарт азаматтары мен ерікті жастары қатысқан. Құрылыс жұмыстарына қажетті кірпіштер қолдан құылып, меценаттардың бірі терезесін әперсе, бірі үй жиқаздарымен қамтамасыз еткен. Сондай-ақ, ауылдағы шаруа қожалықтары 5 қой және бір сиыр алып беріпті:
— Бұрынғы ата-баба дәстүрімен «Асарлатып үй салу» жобасы қолға алынып отыр. Ұмыт бола бастаған дәсүр қолға алынғаны жақсы үрдіс деп ойлаймын! Ауылымыздың бұрынғы аты Ынтымақ болатын. Тұрғындарымыздың атына сай ынтымағы жарасқан. Ауылымызда көптеген өзгеріс болып жатыр. Мұның бәрі қуанарлық тірлік, — дейді зейнеткер Асан Әлмахашұлы.
Шара соңында Мәдімар ауылында асарлатып үй салуға үлес қосқан бірқатар азаматтарға аудан әкімінің, аудан маслихатының, облыстық Нұр Отан партиясының филиалының грамоталары және ауыл әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Айта кетейік, аталған ауыл облыстық «Үлгілі ауыл» байқауы жобасына үміткер.