Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «ARAI» жастар газетін 15 жылдығымен құттықтады, деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
«Қазақ журналистикасының қазығын қағып, іргесін қалап кеткен Алаш ардақтыларының рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп бекер айтпаса керек. Осы тұрғыда бұқараның базынасына құлақ түріп, ойлы оқырманның талғам тамырын тап басып, жақсылықтың жаршысы бола білген, Жамбыл облысы жастарының айнасына айналған «ARAI» газетінің жарыққа шыққанына 15 жыл толып отыр.
Жас журналистердің нағыз ұстаханасына айналған жастар газеті бүгінде өңірдің өзге де басылымдарымен терезесі теңесіп, өзіндік орны қалыптасты. Жас ұрпақтың тәрбиесі, олардың мәселелері төңірегінде қалам тербеп, аймақтың ауқымды әлеуметтік, қоғамдық мәселелеріне де ден қойған. Облыстағы оң өзгерістер де үздіксіз, жан-жақты жарияланып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында өңірде атқарылып жатқан ауқымды істердің ақпараттық қолдауына да айрықша атсалысуда.
Алаш арысы Мағжан ақын сенген жастар қашанда жалындаған, жарқылдаған болмысымен ерекшеленеді десек, басылымнан да осы мінезді, ұстанымды байқауға болады.
Бүгінгі жаһандану желдей ескен заманда қай салаға болмасын жаңашылдық қажет-ақ. Оның үстіне оқырман талабы да уақыт өткен сайын түрленіп тұрады. Сондықтан облыстың жастар газеті бұл үдеден шығып, ұрпақ тәрбиесі, жастарға жігер, қайрат беру жолында аянбай еңбек ете беретініне бек сенімдімін.
«ARAI»-дың аймақтың ақпарат айдынындағы алар асуы, шығар биігі аласармасын. Талабы таудай жастар ұжымына бақ-береке, шығармашылық табыс тілеймін!» — делінген құттықтауда.