Тараз қаласындағы қоғамдық көліктер, дүкендер мен кафелерге рейд жұмыстары жүргізілді

0 22

Бүгін Тараз қаласындағы қоғамдық көліктер, дүкендер мен кафелерге рейд жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев және Тараз қаласының бас мемлекеттік дәрігері Рита Алтынбасова бастаған топ мүшелері алдымен қаладағы қоғамдық көліктердегі жай-күйді байқады. Қоғамдық көліктердегі көрініс көңіл көншітпеді. Себебі, автобус іші жолаушыға лық толы арақашықтық сақталмаған, енді бірінде жолаушылар бетперде тақпаған. Мобильді топ жолаушыларға жадынама қағаздарын таратып, ескертпе жасады.

Өңірде қыркүйек айынан бері коронавирус жұқтырғандар саны 1990-нан асқан. Қазіргі таңда инфекциялық станционарда 109 адам ем алып жатса, 59 жағдай симптомсыз тіркелген. Бас дәрігердің айтуынша қыркүйек айына қарағанда қазір вирус жұқтырғандар саны 3 есеге көбейген.

Қыркүйек айында өңірде коронавируспен күніне 4-5 адам ауырып жүрген болатын. Қазіргі таңда, күніне 18-20 жағдайға дейін тіркелуде. Жұқтыру көздерінің бірі осы қоғамдық көлік болып отыр, — дейді Тараз қаласының бас мемлекеттік дәрігері Рита Алтынбасова.

Сондай-ақ дәрігер соңғы екі аптада 11 өлім жағдайы тіркелгенін атап өтті.

— Қайтыс болған кісілер егде тарттақан 60 жастан асқандар. Жалпы қыркүйек айнан бері тіркелген коронавирус белгісі бар науқастардың ішінде 400-і 65 жастан асқан кісілер болса, 400-і 50-60жас аралығында. Сондай-ақ, соңғы екі аптада 2 мұғалім мен 7 оқушыдан вирус анықталды, — дейді ол.

Бұдан кейін мобильді топ мүшелері қала орталығында орналасқан кафелер мен дүкендерге ат басын бұрды. Мұнда да жағдай мәз емес. Қаланың қақ ортасында орналасқан «Дәмдес» кешеніндегі сауда орнында арақашықтық сақталмаған, дүкенге келушілер бетперде тақпаған. Ыстық өлшейтін құрылғы, тіпті оны өлшейтін қызметкер де жоқ. Кейбір дүкен, дүңгіршектерде қолғап, бетперде, антисептик табылмады.

— Өңірімізде коронавирус індетінің екінші толқыны күшейуде. Қаламызда күн санап ауырғандар саны артып жатыр. Ең басты мәселе — азаматтарымыздың денсаулығы. Сондықтан Тараз қаласында 12 мобильді топ адам көп жиналатын жерлерде тексеру жұмыстарын жүргізуде. Мейрамханалар мен ас ішетін орталықтарда көптеген азаматтар жиналып отырады. Егер 1 адам ауыратын болса, сол жердегі барлық адамға жұқтырады. Сондықтан осы мәселені қолға алып, тексеру жұмыстарын күшейтіп жатырмыз, — дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев.

Айта кетейік, қазіргі таңға дейін өңірде коронавирустан сақтану туралы 30 000 жадынама қағазы таратылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.