Тараз қаласы мен Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандары «сары аймаққа» өтті

0 8

Облыстың Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандары мен Тараз қаласы сары аймаққа енді. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың қатысуымен өткен коронавирустық инфекцияның эпидемиологиялық жағдайы туралы кеңестің отырысында айтылды, — деп хабарлайды “ZhambylNews” AA.

Жалпы облыс аумағында COVID-19 жұқтырған 5361 адам тіркелген. Ал апта ішінде облыста КВИ-дың 157 жағдайы (апталық өсім 3 %) тіркелген. Ең көп жағдайлар 3 аумақта. Таразда, Шу және Жамбыл аудандарында анықталып отыр. 

— Қазіргі уақытта облыстың Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандары мен Тараз қаласының сары аймаққа өткені алаңдатады. Әлі де бейқамдық танытып отырмыз. Індет күннен-күнге өршіп келеді. Бұл орайда тиісті сала басшылары мен азаматтардың жауапкершілігін күшейтпесе болмайды, — деді Ержан Жұматұлы.

Сондай-ақ, кеңес отырысында облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы, облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері,  жергілікті полиция қызметінің басшысы және аудандар мен Тараз қаласы әкімі орынбасарының есептері тыңдалды.

— Мониторингтік топтардың жұмысы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Топ жүргізген рейд саны, заң бұзушылықтар анықталған нысан саны мен қала, аудан әкімдіктерінің мәліметтері  сәйкес келмейді. Сылдыр сөзден нақты іске көшу керек. Мониторингтік топтардың жұмыстарын жандандырып, кемшіліктерді жойып, халық арасында карантиндік шектеулер бойынша құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейтуіміз керек. КВИ-ді жұқтыру көбейіп келе жатқандықтан, облыстың барлық аумағында алдын алу шараларын жандандыру қажет. Қазіргі кезең жеке бастың мүддесі емес, жалпы халықтың амандығы маңызды, — деп нақты талаптар қойды Ержан Жылқыбаев.

Ақпарат Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың Instagram парақшасыннан алынды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.