1 ақпанда Қазақстанда ресейлік «Спутник V» вакцинасымен халықты коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау науқаны басталды. Алғашқылардың бірі болып оны облыстық денсаулық сақтау басармасының басшысы Әсет Қалиев салдырды, — деп жазады “ZhambylNews” AA.
Ол қалалық емхана базасында вакцинацияланды. Вакцинация алгоритмі бойынша ол 30 минут медициналық бақылауда болды.
Вакцинация алдында пациентті алдымен дәрігер тексеріп, қарсы көрсетілімі барларға салынбайтынын ескеру қажет. Температурасы, қан қысымы, басқа да денсаулық жағдайы тексерілген соң ғана вакцинация жасауға рұқсат етіледі. Пациент вакцинамен танысып, толық ақпарат алған соң, ерікті түрде келісім беріп, қол қояды. Егер науқас барлық процедураға келіссе, онда ол 21 күнде вакцинаның екінші дозасын алады, өйткені вакцинация екі сатыдан тұрады.
Вакцинацияның алғашқы күні елімізде 2,5 мың медицина қызметкері екпе салдырады деп жоспарланған. Жамбыл облысында алғашқы күні 75 медициналық қызметкерге вацинация жасалды.
2021 жылғы 31 қаңтарда Қазақстанға ресейлік “Спутник V” вакцинасының бірінші партиясы келді. Бұған дейін облысымызда егу пункттерінің дайындығы тексерілді, профилактикалық егу жүргізу мәселелері бойынша стандартты операциялық рәсімдер бекітілді, облыста бір мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды.
Бірінші кезекте халықтың жекелеген топтары — медицина қызметкерлері, полицейлер, әскери қызметкерлер және т. б. вакцинацияланады. Вакцинациялауға профилактикалық егуге қарсы көрсеткіші жоқ, кәмелеттік жасқа толған адамдар жіберіледі. КВИ-ға қарсы вакцинация 2021 жылдың соңына дейін жалғасады, оған облыста 60 000 мыңға жуық адам қатысады деп жоспарлануда.
Айта кету керек, тек вакцинация коронавирустың одан әрі таралуына жол бермейді және қатаң локдаунның жалғыз баламасы.