Жамбыл ауданында СOVID-19 індетіне қарсы вакцина егудің екінші кезеңі басталды. Естеріңізге салсақ, ақпанда коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау басталып, алғашқы 50 медицина қызметкерлеріне екі компонентті векторлық «Спутник V»вакцинасы салынған болатын,-деп хабарлайды «Zhambylnews» ақпарат агенттігі Жамбыл ауданының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін вакциналаудан өткен медицина қызметкерлеріне екпенің екінші дозасы егіле бастады, яғни араға үш апта салып қайта «Спутник V» вакцинасы егілді.
Алғашқылардың бірі болып екпені салдырған аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Алтай Сауруков әлемді дүрліктірген «СOVID-19» вирусын жеңудің бірден-бір жолы екпе ектіру екенін тілге тиек етсе, ал екінші рет екпе салғанда алдыңғы вакцинаның әсері күшейетінін әрі ағзаның иммунитеті артатынын айтты.
21 күн ішінде ресейлік «Спутник V» вакцинасын алғандар тарапынан ағзасына теріс әсер беріп, денсаулығына шағым келтіргендер тіркелмеді.