Жамбыл облысында 600 қойымен бірге адасып кеткен шопан аман-есен табылды

0 21

Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Ұланбел ауылында адасып кеткен шопан аман есен табылды. 600 бас қойды өріске айдап шыққан Асқанбай Базарбаев  қатты жел мен боранның әсерінен жолдан адасып, үш күн бойы далада түнеген, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Наурыздың соңғы апталары жауын-шашынды болып, қыстақта отырған малшыларды да, дән себуге асыққан диқандарды да ауарайы біраз әбігерге салып қойғаны анық. Осы бір қолайсыз ауарайында Мойынқұм ауданындағы Ұланбел орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне «Нұрсұлтан» шаруа қожалығының жетекшісі Әбілқасым Қарнақбаев малшысының боранда жоғалып кеткенін айтып көмек сұраған. Өйткені оның шаруа қожалығы Ұланбел орман шаруашылығы мекемесіне қарасты мемлекеттік орман қорында орналасқан еді.

Қожалық жетекшісінің айтуынша, қойшысы екі күн бұрын мал жайып шығып, 600 бас қоймен жоғалып кеткен. Алдымен қожалық өз күшімен іздеп табуға әрекет жасаған. Бірақ таба алмаған соң өтінішпен орман шаруашылығына қайырылады.

— Қожалықтың малшысы жоғалғанын естіген сәтте, орман шаруашылығы қызметкерлерін іздеу іс-шарасына толық жұмылдырдық. Оған мекеме тарапынан бір трактор мен бір «УАЗ» автокөлігін 10 адамымен бөлдік. Мекеме қызметкерлері қорық аумағын жақсы білетіндіктен бораннан адасқан қойшыны сол күні Ұланбел ауылынан 4 километр жерден тапты, — дейді Ұланбел орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіннің басшысы Бауыржан Шайшаев.

Малшы Асқанбай Базарбаев жайылымға шыққаннан кейін артынша соққан боранның салдарынан желдің ығымен жүріп, жолдан адасып қалғанын айтты. Үш күн ол айдалада түнеп, далада адасып жүрсе де алдындағы малын түз тағысынан қорғап, жаңа төлдеген қой қозыларын да аман алып шығыпты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.