Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек грек-рим күресінен Азия чемпионы атанған Сұлтан Әсетұлын қабылдады. Жерлесіміз Алматы қаласында өткен құрлықтық додада топ жарып, еліміздің көк байрағын желбіретті, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Оңтүстік астанада «Балуан Шолақ» спорт сарайында күрес түрлерінен Азия чемпионатының жүлделері сарапқа салынған аламанда, грек-рим күресінен 63 келіге дейінгі салмақта жерлесіміз жеңімпаз атанған еді.
Бірінші белдесуінде Тайпейлік балуанды айқын жеңіп жартылай финалда Сериялық спортшыны шаң қаптырды. Ал, ақтық сында Иранның аты шыққан балуанын тізе бүктіріп Азия чемпионы атанды.
Сұлтандай ел намысын қорғап көк туымызды желбіретіп жүрген азаматтарымыз, әрбір өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі-өнеге деген облыс әкімнің орынбасары, байрақты бәсекелерде бабы мен бағы қатар келуіне тілектес екенін жеткізіп, олимпиада шыңын бағындыруын тіледі.