Жыл басталғалы 4 ай ішінде аймақ су айдындарында төтенше жағдайлар тіркелген жоқ. Бұл туралы ӨКҚ алаңында облыстық ТЖД мамандары айтты, — деп жазады “ZhambylNews” АА.
Брифингке Жамбыл облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Мақсат Әкімбаев пен ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Руслан Шариев қатысып, шомылу маусымы мен өрт оқиғаларына қатысты сауалдарға жауап берді.
Брифингте белгілі болғандай, облыс аумағында 100-ден аса өзен, Ақкөл, Билікөл, Балхаш көлінің бір бөлігі, сондай-ақ, ірі Тасөткел, Теріс-Ащыбұлақ, Ынталы, Қарақоңыз, Қақпатас су қоймалары және 112 тоған орналасқан. Олардың барлығында биылғы жылдың үш айында төтенше жағдайлар тіркелмеген. Бүгінде төтеншеліктердің жазғы маусымға жабдықтары дайын. Бес қаруы сай төтеншеліктер тарапынан 17 бірлік техника, 12 жүзу құралы яғни резіңке және метал қайықтар бар. Бұдан бөлек 27 бірлік құтқару жабдығы дайындалыпты.
Жамбылда суға кету оқиғалары былтыр Байзақ ауданында көп тіркелген. Бату бойынша Байзақ ауданында бақилық болғандардың ең көбі — балалар. Былтыр 3 адам қайтыс болса, оның 2-уі бала. Байзақ ауданына кейін Шу ауданы, онда 3 адам, оның 2-і бала. Тараз қаласында 3 адам, оның 1 бала. Жамбыл ауданында 2 бала, Мойынқұмда 2 адам, Жуалы және Меркі аудандарында 1 баладан. Ал Сарысу және Т.Рысқұлов аудандарында 1 адамнан қаза болған, ал Қордай және Талас аудандарының оқыс оқиға орын алмаған.
«Былтыр облыстың су айдындарында 16 суға бату оқиғасы тіркеліп, 17 адам қаза болды. Оның ішінде 9 бала. Бұл көрсеткіш 2019 жылы 24-25-13 болды. 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, суға кету 6 оқиғаға, ал қаза болған адамдар саны 8-ге төмендеді. Ал қаза болған балалар саны 4 балаға кеміді», — деді Р.Шариев.
— Облыс аумағының ғарыштық монтронингін жүргізуге былтыр облыс бюджетінен 5 млн.200 мың теңге бөлінді. Биыл 3 рет облыстың мемлекеттік орман қоры аумағын жалпы көлемі 3,048 млн.гектар «Қазавиаорманқорғау» РМҚК авиатехникасымен ұшу арқылы әуеден күзету жүргізілетін болады. «Қазавиақұтқару» АҚ авиатехникасымен өңірдегі өрт қауіпті учаскелерді аралап шығу, өртке қарсы жағдайына мониторинг жүргізу үшін облыс әкімдігімен ағымдағы жылы 47 млн 500 мың теңге (48 ұшу сағаты) бөлінді. Облыс әкімдігі мемлекеттік орман қорының аумағын өрттен қорғау жұмыстарын жүргізу үшін биылғы жылға 40 млн.теңге бөлінді. Сондай-ақ, мемлекеттік орман қорының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін 217 млн.теңге арналды. 150 мың литр көлемінде ЖЖМ резерві құрылды, — деді Мақсат Әкімбаев.