Баға тұрақтылығы басты назарда

0 21

Тараз қалалық әкімдігінің мәжіліс залында шаһар басшысы Ержан Жылқыбаевтің төрағалығымен аппараттық жиын өтті. Басқосуда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мәселесі, әлеуметтік дүкендердің, өмірлік қиын жағдайға қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған қалалық орталықтың жұмысы сараланды, — деп жазады “ZhambylNews” АА.

Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында құрылған мониторингтік топ 9 сауда нүктесі, 3 базар мен 16 әлеуметтік дүңгіршекте зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Зерделеу барысында түрлі тауардың бағасы ІІ тоқсанда бекітілген тауарлардың шекті мәнімен салыстырғанда қымбаттағанын көрсеткен. Атап айтқанда 1-санаттағы тауық жұмыртқасының бағасы – 27%, өсімдік майы –25%,қырыққабат – 22% және картоп1 6%-ға артқан.

— Аталған мәселені реттеуге бағытталған 7 ірі сауда дүкенінде әлеуметтік бұрыштар ашылып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына үстеме ақыны 15%-дан асырмау туралы үшжақты меморандум жасалды. Өткен жылы облыс әкімі Б.Сапарбаевтың тапсырмасымен қала аумағынан жаңа форматтағы 10 әлеуметтік дүңгіршек ашылған болатын. Ондағы азық-түлік бағасы арнайы бекітілген шекті мәннен едәуір арзан. Бүгінде азық-түлік тауарлары әлеуметтік дүңгіршектерге толық жеткізіліп, халықтың күнделікті азық-түлік тауарларына деген сұранысын толығымен қанағаттандыруда, — деді қала әкімі.

Сондай-ақ «GRAND BAZAАR» сауда кешені алдында жыл басынан 18 жәрмеңке өткізіліп, 974 тонна тауар сатылған. Алдағы уақытта Алматы, Астана, Шымкент қалаларында Жамбыл облысының ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін өткізу жоспарлануда.

Баға өсімі мәселесі бойынша қала әкімі азық-түлік бағасын реттеудің маңыздылығын тілге тиеп, жауапты мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Халықты сапалы өнім, азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету. Сауда орын субъектілерімен тығыз жұмыс жасап, бағалардың өсуіне жол бермеу. Аудандардан өнімдерді тікелей жеткізуді жолға қою тапсырылды.

Сонымен қатар жиында өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендірілуге арналған қалалық орталығы басшысының баяндамасы тындалды.

Бейімдеу орталығы 1999 жылы құрылып тұрғылықты жері жоқ, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және қылмыстық-атқару инспекциясы пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға пана болып отыр. 120 төсек-орынға арналған мекемеде қазіргі уақытта 90 адам тұрып жатыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.