Жастарды қолдауға бағытталған жол картасы бекітілді

0 4

«Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалында Саяси Кеңес Бюросының отырысы өтті. Онда 2025 жылға дейінгі «Жастар-Отанға» бағдарламасын іске асыру бойынша аймақтың Жол картасы бекітілді, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Жиырма бірге қадам басқан «Jas Otan» Жастар қанаты еліміздегі барлық санаттағы жас азаматтардың мүддесін қорғайтын ең ірі жастар ұйымы. Негізгі мақсаты — жас қазақстандықтардың жан-жақты дамуы мен өзін-өзі қалыптастыру үшін жағдай жасау.

Елбасының бастамасымен жүзеге асқан «Жастар-Отанға!» бағдарламасында халықаралық ұйымдардың тәжірибесі мен жастардың дамуына қатысты әлемдік үрдістер ескерілген.

Бекітілген жол картасы жастардың мәселелерін шешуге бағытталған 5 бөлімнен тұрады. Онда 24 көрсеткіштен және 41 іс-шара енгізілді.  

2021-2025 жылға арналған бағдарлама өңір жастарының маңызды мәселелін шешуге арналған үлкен тетік болмақ. Себебі онда жастарға сапалы білім беру, оларды жұмыспен қамту, жас отбасыларды қолдау және қолжетімді баспана, тұлғалық даму, бос уақыттарын тиімді өткізу мәселелеріне басымдық берілді.

Атап айтсақ, «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша 5 жылда 2065 жас маманды ауылдық жерлерге жұмысқа орналастыру, «Жастар тәжірибесі» жобасына 5635 жасты тарту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша оқытылатын жастар саны 5 жыл ішінде 1250-ге жетеді деп жоспарланған. Жаңа бизнес идеяларды дамыту бойынша жастарға бөлінетін грант санын 5 жыл ішінде 6500-ге жеткізу көзделген. Сондай-ақ, өңірдегі жатақхана тапшылығын жою мақсатында жыл сайын 350 орынды құрайтын жатақхана салынатын болады.

Айта кету керек, мұндай жол картасы 10 ауданда және Тараз қаласында бекітіліп, бүгінде нақты істер бастау алды.

Жол картасы жастар саясатына тың серпін берері сөзсіз!

Leave A Reply

Your email address will not be published.