Тараз қаласында өткен жәрмеңкеде 35,5 тонна өнім сатылды

0 0

Тараз қаласындағы «Grand bazaar» сауда оталығында өткен жәрмеңкеге шығарылған ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өнімінің көлемі 35,5 тоннаны құрады, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Тараз қаласындағы «Grand bazaar» сауда оталығында кезекті ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Оған Жамбыл, Талас, Қордай аудандары мен Тараз қаласы тауар өндірушілері қатысты. «Алқаптан сөреге» жобасы аясында бұл маусымда алғаш ұйымдастырылып отырған жәрмеңкеден жеке кәсіпкерлер мен тұрақтандыру қоры да тыс қалмады. Олар да өз өнімдерін нарық бағамынан 10-20 пайыз төмен бағада өткерді.

Аталған жәрмеңкеге шығарылған ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өнімінің көлемі 35,5 тоннаны құрады. Атап айтсақ, сауда сөресіне 4,6 тонна мал етнен бөлек, шұжық – 0,7, сүт – 1,1, кондитерлік және макарон өнімдері – 1,4, балық – 1,3, ұн – 1, бал – 0,9 және жеміс-жидек пен көкөністің – 24,5 тонна өнімі шығарылды. Сондай-ақ бір мың дана жұмыртқа өткерілген.

Жәрмеңкеде қант – 220, жұмыртқаның бір данасы – 27, тұз – 37, өсімдік майының 5 литрі – 2800, макарон өнімдері – 200 теңгеден өткерілді. Ет, сүт, жеміс-жидек пен көкөніске деген сұраныс та жоғары болды. Жәрмеңкеге таластық «Ерлан» шаруа қожалығы сүт өнімдерін әкелсе, жамбылдық «Әділет» қожалығы сиыр етін жеткізіпті. Тұтынушылардың қызығушылығын тудырып қол жетімді бағада ұсынылған өнімдер бір демде сатылып кетті.

— Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін осылай жиі ұйымдастырып отырғаны жақсы. Өйткені ол бізге өте ыңғайлы, әрі тиімді. Мысалы, мен жұмыртқаның 10 данасын 270 теңгеге алсам, қантты 220 теңгеден сатып алдым. Басқа сауда дүкендеріне қарағанда мұндағы баға едәуір арзан. Сондықтан мұндай жәрмеңке жиі өткізілсе, біз тек қуанар едік, – дейді қала тұрғыны Асқар Өтепов.

— Мұндай жәрмеңкені жиі өткізіп тұру тауар өндірушіге де, тұтынушығы да өте тиімді. Ең алдымен, өзімізде өндірілген отандық әрі сапалы өнімді делдалсыз, «Алқаптан сөреге» жобасы аясында шаруалар халыққа қолжетімді бағада өткізе алады. сонымен бірге бұл азық-түлік бағасын тұрақтандыруға да мүмкіндік берер еді. Бағаны тұрақтандырудың бірден-бір ұтымды жолы осы, — дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов.

Айта кету керек, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі маусым айының соңына дейін жалғасатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.