Аудан шаруашылықтарын мал азығымен қамтамасыз ету үшін 174 мың тонна пішен, 10 мың тонна пішендеме, 48,4 мың тонна сабан және 9 мың тонна сүрлем дайындау меджеленіп отыр, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Биыл ауданда қант қызылшасы, көкөніс пен бақша дақылдарынан бөлек мал азығын дайындауға басымдық берілген. Атап айтсақ, бидай – 8730, арпа – 12730, дәндік жүгері – 2001, дәнді бұршақ – 50, майлы дақылдар – 1157 гектар алқапқа себілген. Ал қант қызылшасы – 1500, картоп – 700, көкөніс – 5498, бақша – 1760 гектар алқапқа орналастырылған. Бұдан бөлек, таңқурай мен құлпынай 35 гектарға егіліп, алғашқы өнімін бере бастаған. Ал мал азығы 25390 гектар жоңышқа алқабынан дайындалмақ. Оның 5589 гектарына биыл себілген жоңышқа болса, 250 гектарға сүрлем жасайтын жүгері орнадастырылған, ал қазіргі таңғда 19551 гектардың жоңышқасы жиналған.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Ақжоловтың айтуынша, биыл мал қыстатуға 49 мың бас мүйізді ірі қара, 31 мың қой-ешкі, 16 мың жылқы, 1000 бас түйе түседі деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, ауданда 1595 бас жалпақтанау мен 12 мың құс өсірілуде. Оларды мал азығымен қамтамасыз ету үшін 174 мың тонна пішен, 10 мың тонна пішендеме, 48,4 мың тонна сабан және 9 мың тонна сүрлем дайындау меджеленіп отыр.
— Бүгінгі таңда шабындықтардың шығымы өткен жылмен салыстырғанда төмендеу. Өйткені, ауа райының қолайсыздығы, ағын су тапшылығы егіс алқаптарынан бөлек жоңышқалықтардың да дер кезінде суарылуына кедергі келтірді. Дегенмен, биыл аудан бойынша 30195 гектар алқаптың шөбі шабылмақ. Оның 5055 гектар алқабын табиғи шабындықтар құраса, 25140 гектары көп жылдық шөп. Қазіргі таңда аудан бойынша 18718 гектар көп жылдық шөп орылып, 66670 тонна пішен дайындалды. Орылған алқаптардан орташа есеппен гектарынан 180-200 тайланған жоңышқа жиналуда. Алқап басынан бір баудың бағасы 1000 теңгеден өткерілуде. Ал базардағы бағасы 1100-1300 теңге аралығында. Табиғи шөптің бағасы 600-700 теңгені құрап отыр, — дейді ол.