Тараз қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Бағлан Жұбатқанов халықаралық Балтық ғылыми-инженерлік байқауында 2- орын қанжығалады.
Балтық ғылыми-инженерлік байқауы мектеп оқушыларына арналған ең ірі ғылыми жарыстардың бірі. Жастардың ғылыми фестивальдерін қазіргі заманғы дәстүрге сай ұйымдастыратын және ғалымдар мен университет профессорларының қатаң ғылыми бағалауынан тұрады.
Бағлан байқауға жетекшілері Максим Рыбалкин мен Балжан Дүйсекеевамен бірлесіп, «Тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптаушы Робот» жобасын ұсынды.
— Осы құрылғы арқылы біздің өңіріміз ғана емес, республикалық деңгейдегі экологиялық мәселелерді шешуге мүмкіндігіміз бар. Аталған жұмыстың өзектілігі сол аталған робот тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үшін тиімді жіктеп, сұрыптауға қабілетті,- дейді Бағлан Жұбатқанов.
Аталған құрылғы қалдықтарды өңдеудің бір кезеңі — сұрыптау процесін автоматтандырады және оңтайландырады, бұл біздің елімізде әлі күнге дейін қолмен орындалады.
Робот сұрыптаушы төмендегі алгоритм бойынша жұмыс атқарады. Бірінші кезеңде қоқыс жинау тесігінен робот құрылымының ішкі бөлігіне түседі, онда оның суреті камераға түсіріліп, кейіннен жасанды интеллект бағдарламасы және оның басқа бөліктерін басқаратын raspberry pi-ге жіберіледі. Нейрондық желі экрандағы қоқыс бөлігін жіктейді, ал жылжыту командасы қоқысты қажетті бөлікке апарып, сол жерге лақтыратын платформаны басқаратын сервоқозғалтқышқа жіберіледі. Содан кейін платформа бастапқы орнына оралады.