«Өзін-өзі тану» пәнінің әр адам үшін маңыздылығы мен өзектілігі — қазіргі заман адамына ауадай қажет білім нәрі

0 1 279

Бүгінгі күні біздің елімізде ұлттық және азаматтық құндылықтардың негізінде жеке тұлғаны қалыптастыру және дамыту, жеке адамның рухани күш-қуат мүмкіндіктерін ашу, адамгершілік пен салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін қажетті жағдайлардың барлығы да жасалуда. Тәрбиенің басты мақсаты әр адамның ішкі құндылығын, тұлғалық қасиетін ашып, бағалауға үйрету.
Осыларды ескере отырып, еліміздің мектептерінде 2001 жылдан бері , «Өзін-өзі тану» бағдарламасы саралаудан өткізіліп, оқу жүйесіне енгізіліп келе жатқан еді.

2010-2011 оқу жылынан бастап бұл пән жалпы білім беретін мекемелердің барлығына жаппай енгізілді.
«Өзін-өзі тану» пәні жастардың бойында сүйіспеншілік, ақиқат, дұрыс әрекет, ішкі тынышытық, қиянат жасамау  сияқты жалпы адамзаттық құндылықтарды қалыптастырады, оларды рухани адамгершіліктің нәрімен сусындатады. Өзін-өзі тану – адамның өзіне терең мән берудің алғашқы қадамы.  Ойшыл Сократ:  «Өзгені тану үшін өзіңді-өзің таны» деген болатын, қазіргі біздің «Өзін-өзі тану» пәні Сократ  ілімінің үйлесімді жалғасы іспеттес.
Бұл пән жобасының авторы Сара Алпысқызы атап өткендей, «Әр баланың қабілетін ашуы, өзіне жол табуы, өзінің күш-жігеріне сенуі өзінің өмірдегі орнын анықтау үшін өте маңызды! Әлемде махаббат пен мейірімділік аурасын жасай отырып, қарапайымдылық пен махаббат жүректен жүрекке жетуі тиіс», яғни әрбір баланың, ата-ананың жүрегіне жылылық нұрын ұялатуда әрқайсысымыздың орнымыз ерекше.
Оқушының жас ерекшеліктеріне сәйкес өзін-өзі тануға, өзін дамытуға бағытталған жұмыстар мектепте ғана емес, отбасында да ата-аналардың көмегімен жалғасын тауып, өзара ықпалдастық бағытта жүргізіледі. «Өзін-өзі тану пәні» жеткіншекті жарық дүниеде өмір сүріп,  «Адам»  екенін терең сезінуге, адамдарға қуаныш сыйлай білуге баулиды. Жанында жүрген аяулы адамдардың бар екенін ұғынуға көмектеседі. Адамдардың сезіміне ие болу және оны ақтай білуге үйретеді. Борыш пен парызға адал болуға тәрбиелейді. Артыңда өшпейтін ізгілікті із қалдыра білуге талпындырады. Қабілетіңді, бойындағы дарынды, азаматтылығыңды дәлелдеуге итермелейді.
«Рухани мұраға сүйенбеген елдің жұлдызы жанбайды демекші, заман ағымы талап етіп отырған ата-бабаларымыздан қалған әдеби мұраларымызды, халқымыздың өсиетін, өнегесін дәріптеп, дәстүрін таңғажайып тапқырлығын, олардан қалған ескірмейтін көне сөздерді, мақалдар мен мәтелдерді бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатындай, келер ұрпаққа тәлім-тәрбие беретіндей ғасырлар қойнауынан сыр шерткен асыл мұраларымызды рухани-адамгершілік білім беруде тиімді қолдану – «Өзін-өзі тану» пәні бастауы бұрыннан болған, біздің арғы ата-бабаларымыздан келе жатқан жақсы дәстүрлеріміздің жалғасы іспеттес деуге болады.

Міне осы пәнді беріп, нұр шашып келе жатқанымызға 12 жыл болыпты.  Жеткен жетістіктеріміз көп, балалардың пәнге деген қызығушылығы жылдан жылға қарай артып келеді. Осы пән аясында балалардың сөйлеу шеберлігі артты, өз ойларын ашық айтып, айтқандарын дәлелмен жеткізетін қалыпқа келді. Қуаныштымыз жастардың ойларын  ашық және жүйелі жеткізуі. Бұл пән – мотивация! Бұл пән бала үшін бөлек әлем!

Енді осындай жетістіктерге жеткенде, білім министрлігінің тарапынан бұл пән қажет емес дегені қаншама педагогтың жүрегін қынжылтты…  Қаншама еңбегімізді еш етті, жеткен жетістіктеріміздің мәнін кетіріп, балалардың пәнге деген сеніміне нұқсан келтірді. Сіздерге айтарым,  бұл пән баяғы заманнан келе жатқан білім ошағы, еске сала кетсек : «валеология», «әдеп», «социология», «адам және қоғам», «этика және эстетика», «шешендік сөздер» деген пәндердің жиынтығы десек те болады. Тек аты өзгерді, ал заты сол дүние…  Бауыржан Момышұлы атамыз айтқан : «Тәрбиесіз берілген білім, ол – маймылдың қолыңа таяқ ұстатқанмен тең» деп балаға ғылым үйрете отырып, оны тәрбилей де білуіміз керек емес пе?!  Бүгін сіздерге өз жан-айқайымды жеткізу үшін, қолыма қалам алып, қағаз бетіне ойымды  түсіргенді жөн көрдім… Білімнің артығы болмайды, әр білімнің сіңетіні бар, сіңбейтіні бар…  Ал «Өзін-өзі тану» пәні — нұрлы білім, жүрекке жете білетін, рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіре отырып адамзатқа тарататын нұрлы пән. Құрметті білім саласында отырған маман иелері! Сіздерден «Өзін-өзі тану» пәні педагогтарының атынан,  пән туралы көзқарастарыңызды өзгертулеріңізді сұраймыз. Бұл пән нағыз 21 ғасыр адамына керек пән болып тұр. Адам баласына, қазіргі кезде, жүрегіңе жол табатын бағыт пәні – «Өзін-өзі тану».  Мүмкін болса, бұл пәннің аталуын өзгертіп және оқулық маңызына қазақтың салт-дәстүр қағидаларын, тыйым сөздерді және т.б. дүниелерді енгізуіңізді сұраймын. Қазақ жастарына берері мол пән, бағыт-бағдар береді, болашаққа деген сенім мен мотивация береді. Тек балаларға емес, тіпті, біздерге яғни үлкендерге де берері көп. Мен педагог ретінде, ата-ана ретінде бұл пәннің өз үрдісімен өтуін сұранамын.

Мен – Адаммын, бастысы адам болу

Сезімі мен білімі адал болу!

Өмір деген кітапты мен ашарда

Жүректен іздедім мен иман нұрын!

Ол шығады Ананың берген асылынан

Ол асыл- жүректегі мейірімділік.

Әкенің берген тәлімінен алдық үрдіс,

Ақыл тыңдап келеміз адам болып.

Үлкен өмір есігін аштым сонда,

Адасам ба деген ой алаңдатып..

Өзін-өзі түсінген адам болсам,

Адам болып қаламын бұл өмірде!

Махаббатты таратып жүрегіме

Ақиқатты ұғындым сол  үніммен.

Дұрыс қылық жасадым әлемге мен

Ішкі тыныштық сақталып мінезімде,

Жасамадым қиянат ешкімге мен!

Әй, адамзат тыңдашы жүрегіңді

Мейіріміңді таратшы пенделерге..

Сол сезімдер құтқарады жамандықтан

Аттап өтер әрбір айтқан сөздеріңнен…

Құтқарады бұл әлемді – адамшылық,

Бақытты адам болу, бұл заңдылық!

                                                                                                                                  Тараз қаласы

                                                                                                                  №47 орта мектеп КММ

                                                                                                      «Өзін-өзі тану» пәні мұғалімі :

                                                                                              Кентаева Қарлығаш Орынбайқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.