Қазақстанда 10 013 референдум учаскесі іске қосылады. Бұл туралы елордада Орталық референдум комиссиясының отырысында ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін біз республикалық референдумды әзірлеудің маңызды мәселелерін қарастырдық. Осылайша, референдумды ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі науқан жаңа кезеңге аяқ басты. Учаскелік референдум комиссиялары жұмысқа толығымен кірісті. Тыңдалған есептерге сүйенсек, нақты жұмыстар жүргізілді. Жалпы, 10 013 референдум учаскесі іске қосылады», — деді Н. Әбдіров. Осы орайда ОСК төрағасы аталған учаскелерде дауыс беру үшін барлық жағдай жасауды тапсырды.
«Республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізіміне тоқталсақ, 15 мамырдағы ақпарат бойынша бұл тізімде 11 млн 722 мың 536 адам енгізілген. Жергілікті атқарушы органдар учаскелердің дауыс беру күніне дайындық мәселелерін бақылауда ұстауы қажет. Мүгедектігі бар адамдар үшін барлық жағдайды қамтамасыз ету бағытында қажетті іс-шараларды жүзеге асыруға назарларыңызды аударамын.
Осы орайда оларға ыңғайлы болуы үшін инвотакси тарту мәселелері және басқа да қадамдар қосымша пысықталсын», — деді Н. Әбдіров референдумды өткізу жұмыстарына жұмылдырылғандарға қарата айтқан сөзінде. Бұдан бұрын хабарланғандай, 5 маусымда өтетін референдумға қатыса алатын азаматтардың тізімі жасақталып жатқаны айтылған еді.
Референдумда 11 өңір халқы жақтап дауыс берсе, Конституцияға өзгеріс енгізіледі.