Ел Президенті Қ.Тоқаев Конституция – Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы бойынша ағымдағы жылдың 5-маусымында республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойып, ол бағыттағы науқан жұмыстары аймақтың түкпір-түкпірінде ұйымдастырылуда. Жаңа Қазақстанның іргетасын қалау жолында алдымен саяса жүйенің өзгеруіне мән беріліп, басты құжаттағы 31 тармақ қайта жазылады. Қазір көпшілік маңызды құжаттағы өзгерістерді талқылауда. Сондай кездесулердің бірі Мойынқұм ауданында өтті,-
Референдумның өтуіне байланысты Мойынқұм ауданында да халықпен кездесетін арнайы мониторингтік топтың құрамы бекітіліп, олар кесте бойынша жұмыстарын жүйелі атқаруда. Аудандық мәслихат депутаттары, аудандық штаб төрайымы мен мүшелері мектептер мен қосымша білім беру мекемелерінде болып, мектеп қызметкерлерінің қатысуымен референдумның мақсаты мен маңызын түсіндірді. Сондай-ақ жалпыхалықтық республикалық референдум туралы азаматтарды ақпараттандыру, оларды жанжақты мәліметпен қамтамасыз ету жұмыстары №8 Мойынқұм колледжі, аудандық орталық кітапхана мен аудандық орталық аурухана ұжымдарымен де өткізілді. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауы мен Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдумның маңыздылығы жайында мекеме қызметкерлері өзара пікір алмасты.
-5 маусым – Қазақстанның жаңа тарихи кезеңінің парағы ашылатын күн. Қазақстан Президенті дәл осы күні Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістер бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Конституциялық реформада Мемлекет басшысынан бастап, басқа да лауазымды тұлғаларға саяси партияларға мүшелік етуіне тыйым салу қарастырылған. Яғни, Конституциялық Соттың, Жоғарғы Соттың және өзге де соттардың төрағалары мен судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық Палатаның Төрағасы мен мүшелерінің саяси партия, кәсіподақ қатарында болуына, қандай да бір партияны қолдауына тыйым салынады. Республикалық референдум кезінде өзінің дауыс беруге қатысу құқығы шектелді немесе бұзылды деп санаған азамат прокурор мен сотқа тікелей жүгіне алады. Референдум өткізуді ұсыну арқылы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанда азаматтардың мемлекет ісіне араласуын күшейтуге ниеттестігін дәлелдеп отыр. Демократиялық құндылықтар осы референдум арқылы да жүзеге асырылмақ,-деді штаб құрамының мүшесі Шахкерім Исабеков.