Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Т.Рысқұлов ауданына барып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аймақ басшысы Қарақыстақ ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен 250 орындық Мәдениет үйінің жұмысымен танысты. Ғимараттың іргесі сонау 1976 жылы қаланған. Жуырда ғана «Капитал Инвест-Строй» ЖШС нысанды қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, ауыл тұрғындарының игілігіне беріп отыр. Үш кең залдан тұратын Мәдениет үйінде 14 адам жұмыс істейді. Ондағы би, вокал, домбыра, сәндік қолөнер, актерлік өнер бойынша 5 үйірмеге 42 оқушы жазылған.
Бердібек Сапарбаев тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін мәдени-көпшілік шараларды жүйелі түрде ұйымдыруды тапсырды.
Бұдан кейін облыс әкімі Құлан ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен «Сұлутұр» кинотеатрының ашылу салтанатына қатысты. Кинозалдарға 100 адамға дейін сыяды. Алғашқы көрсетілім ретінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік жүрегіміздің төрінде» деректі туындысы қойылды. Мұнда жастарға тегін қызмет көрсететін караоке орталығы да бар.
– Біздің облыста мұндай кинотеатрлар көп емес. Жұмыстың жаңа түрлерін қалыптастырып, жастарды кино өнеріне баулу қажет, – деді облыс әкімі.
Луговое ауылында аймақ басшысы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Мердігер «ХМСУ Шымкентмелиорация» ЖШС нысанды келер жылдың басында пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың маусым айында басталған. Жобалық құны – 396 млн. теңге.
Мердігер бекітілген кестеден айтарлықтай артта қалып келеді. Облыс әкімі серіктестіктің жұмысын және құрылыс барысын бақылап отыруы тиіс жауапты тұлғаларды сынға алды. Бердібек Сапарбаев мердігерден жұмыс қарқынын арттыруды талап етіп, олай болмаған жағдайда қатаң шаралар қолданылатынын атап өтті.
Өрнек ауылында өткен жылы 140 орындық «Қарлығаш» балабақшасы пайдалануға берілді. Балабақшаның құрылтайшысы Қаракөз Өскенбаева балаларға арналған үйірмелер мен секциялар орталығын ашуға ниетті екенін жеткізді. Бердібек Сапарбаев жергілікті билік жан-жақты қолдау көрсетеді деп сендірді және балабақшаның жұмысына оң бағасын берді.
Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі аудан активімен жиын өткізіп, тиісіті тұлғаларға өзекті мәселелерді шешу бойынша нты тапсырмалар жүктеді.