Тараз кинотеатрында мектеп оқушылары мен колледж студенттері есірткі заттарының қауіптілігі туралы «Тұздар мен Спайстар», «Ешқайда жол жоқ» фильмдерін тамашалады , – деп хабарлайды “ZhambylNews” АА облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталмыш кинокөрсетілімді Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының Облыстық кино орталығы және Білім басқармасының қолдауымен Жамбыл облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ұйымдастырды.
Фильмде нашақорлармен жұмыс істейтін мамандар синтетикалық есірткіге тәуелділіктің қандай зияндылықтар әкелетіні туралы өмірден нақты мысалдар келтіре отырып баяндайды.
— Бізге жастардың назарын нашақорлық мәселесіне аудару маңызды. Әрбір жасөспірім, шын мәнінде, қауіп-қатерге ұшырауы мүмкін. Бүгінгі таңда синтетикалық есірткі үнемі әр түрге өзгеріп отырады. Жастар өздерін және басқаларды тек қызығушылық деп алдайды. Алайда наркологтар бір жылдан бері синтетикаға тәуелділіктің бірден пайда болатыны туралы дабыл қағуда. Сондықтан әуестенбес бұрын оның салдары туралы жүз рет ойлану керек. Есірткі «ауыр» немесе «жеңіл» болмайды. Оған тәуелді адамға «бір жақты ғана билет» кепілдендірілген. Осыған байланысты, ата-аналарды балаларының баратын, көретін интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерді назарға алып, жіті бақылауға шақырамыз, — дейді Жамбыл облысы ПД ЕҚІҚБ бастығы полиция полковнигі Асқар Жұмабеков.