Балаларға базарлық

0 76

«Балалардың риясыз күлкісі, шаттығы мен қуанышынан артық әлемде бақыт жоқ шығар! Әсіресе ата-ананың аялы алақаны мен мейіріміне мұқтаж бүлдіршіндерге қуаныш сыйлауға барша адамзат пен қоғам атсалысуы керек. Өзімнің осы кішкентай ғана сыйлығымды арнайы сондай балалар үшін жасап, сыйға тартуды жөн көрдім». Бұл – түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан М. Бекжігітовтың шын жүректен шыққан лебізі. ҚАЖД бағынысты ЖД-158/4 мекемесіндегі сотталушы өзінің қолымен жасалған екі бірдей әткеншекті Тараз қаласындағы өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының бүлдіршіндеріне бағыттады. Түрмеде отырса да, балаларды қуантуға ниет білдірген ағаларына балаларды қорғау орталығының тәрбиеленушілері шын жүректен көрсетілген демеушілік көмегі үшін алғысын білдіріп, хат жолдады.

«Ел болашағы жастардың қолында, жас ұрпақ болашақта сіздердей азаматтарды өнеге етіп, балаларға жасалған игі істеріңізді, қамқорлықпен көрсеткен қолдауларыңызды жалғастырып, балалардың қуанышты сәттерінің ұлғаюына өз септігін тигізеді деген сенімдеміз. Балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері шаңырақтарыңызға ырыс-береке, зор денсаулық, жарқын болашаққа деген сенімділік тілейді», делінген алғыс хатта.  Әткеншектер түзеу мекемесінің қызметкерлерімен орталыққа жеткізілді. Ойын алаңындағы әткеншектердің толыққанына бүлдіршіндер ерекше қуанып қалды. Айта кетсек, ЖД-158/4 мекемесі аталған орталыққа тұрақты түрде көмек көрсетіп тұрады. Мұндағы бірнеше топтар мекеме қызметкерлерінің қамқорлығында.

Leave A Reply

Your email address will not be published.