Қазақстандық құтқарушылар Түркияда жойқын зілзала болған жерде жедел іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ТЖМ бірінші вице-министрі Ибрагим Құлшымбаевтың айтуынша, жер сілкінісі болған орында жағдай өте күрделі.
«Қазіргі уақытта Ататүрік көшесінде үйінділерді тексеру жұмыстары жүруде. ҚР ТЖМ құтқарушылар тобы екіге бөлінген. Негізгі топ осыдан 100 метр жерде бір нысанда жұмыс істеп жатыр. Екінші топтағы 10 адам осында түрік құтқарушыларына үйінділерді тексеруге көмектесуде. Өйткені үй толық қираған, оның астында біреу қалса, жедел құтқару керек», — деді бірінші вице-министр агенттік тілшісіне берген сұхбатта.
Сондай-ақ қалада волонтерлер мен жергілікті тұрғындар ыстық тамақ беруді ұйымдастырған, қала әкімшілігінің басшылары да апат орындарында жүр.
Еске сала кетсек, Түркиядағы екі жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 5834-ке жетті, 34 810 адам жарақат алды.
Сонымен қатар бүгін жергілікті уақытпен түнгі сағат 03:22 Түркияда 4 балдық тағы да жер сілкінісі болды.
Қазақстан Түркияға шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар береді.
Фото: Қазақстан ТЖМ баспасөз қызметі