Жуалы ауданында жол бойындағы сервистік нысандар салынады

0 15

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен инвестициялық штабтың кезекті отырысында туризм басқармасының басшысы мен Жуалы ауданы әкімінің инвестиция тарту жұмыстары туралы есептері тыңдалды.

Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртазаның айтуынша, 2023 жылы ауданның ауыл шаруашылығы саласында 13 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, оның ішінде сүт-тауарлы фермасы, құс, балық шаруашылығы, жем-шөп дайындау цехы, сондай-ақ жылыжай бар. Жобалардың жалпы құны 238,0 млн. теңгені құрайды. Олар бойынша 31 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Ауданда жалпы құны 9336,0 млн. теңге болатын 10 инвестициялық жоба жүзеге асуда. Олардың қатарында «Ferro-Polymetal Resources Group» ЖШС (ванадий, полиметалл өндірісі), «KazHydroOperating» ЖШС (шағын су электр станциясы), «IMC Group» ЖШС (мақсары өңдеу цехы), «Yaposha» ЖШС (кептірілген нан өндеу жобасы). Жуалы ауданындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» республикалық тас жолы бойындағы сервисті дамыту жобасына бірден бірнеше кәсіпкер тартылған.

Аймақ басшысы сүт саласын дамытуда тауарлы-сүт фермаларын салуға айрықша назар аудару керектігін баса айтты.

Туризм басқармасының басшысы Біржан Күзембеков ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен әзірленген туризм саласына инвестиция тарту рейтингінде Жамбыл облысы 2-ші орында тұрғандығын айтты. Ол туристерді тарту бойынша 2023 жылға жоспарланған іс-шаралар туралы баяндады.

– Біз инвесторларды өзіміз іздеуіміз керек, оларға жобалар ұсынуға тиіспіз, өйткені біз облысымыздың әлеуетін, қандай мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалғанын жақсы білеміз. Әрбір инвестициялық жоба басқарма басшыларының да, аудан әкімдерінің де ерекше бақылауында болуы маңызды, — деді Нұржан Нұржігітов.

Кездесу барысында инвесторлар автотуризмді дамыту, сарқын суларды тазарту нысанының құрылыстарын салу жобаларымен таныстырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.