Сарысулық диқандар алқаптардан өнім жинауға кірісті. Сарысулық егіншілер арпаға орақ салды.
Аймақта алғашқы болып егінге Игілік ауылдық округіндегі «Игілік» өндірістік кооперативі орақ салды.
Алғашқы орақ салу шарасына аудан әкімінің орынбасары Қайрат Аманов, аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Молдабеков қатысты.
Аудандағы Игілік ауылдық округінде егін шаруашылығы қарқынды дамуда. Ауылдық округке қарасты шаруа қожалықтарының 90 пайызы егіншілікпен айналысады.
Биылғы жылы осы игіліктік шаруалар 600 гектар жүгері, 335 гектар күздік бидай, 390 гектар арпа, 900 гектар мақсары, 300 гектар жерге жаңа жоңыршқа екті.
Енді шаруалар бітік өскен масақты дақылдардан жиналатын биылғы дәнді шашпай-төкпей жинап алудың қамына кірісті. Алдағы міндет арпаны тез орып, қамбаға жинап, игілікке жарату.
Жалпы, ағымдағы жылы аудан бойынша 24508 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Бұл өткен жылғы егістік алқабынан 271,5 гектарға артық. Оның ішінде дәнді дақылдар 9850,0 гектарға себілді.
Жыл сайын аудан диқандары науқанға сақадай сай дайындықпен кіріседі. Басты мақсат астықты уақытында орып алу. Ол үшін барлық мүмкіндік бар. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша егіннің шығымы жақсы.