Аналар күніне орай, Қордай ауданында ақ жаулықты аналардың тамаша кеші өтті.
Үлкен Сұлутөр ауылында ұлттық өнерді ұлықтап, кейінгі ұрпаққа өнеге болып жүрген ақ жаулықты әжелердің игі бастамасы көпшілік көңілінен шығып келеді. 2023 жылы ауылдық Аналар алқасының төрайымы Шарипа Толысбаеваның бастамасымен құрылған әжелер ансамблі бүгінде ауыл мәдениетінің ажырамас бір бөлігіне айналды.
Өнерді серік еткен ансамбль құрамында жеті әже бар. Өнерпаз әжелер қазақтың халық әндерін, сырлы әуендерін нақышына келтіре орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап жүр. Олар әндерді хормен де, жеке орындауда да өз шеберліктерін танытып келеді. Әсіресе, Шәмші Қалдаяқовтың жүрек тербер әуендері мен Мұқағали Мақатаевтың сыршыл өлеңдері ансамбль репертуарынан ерекше орын алған.
Ақ жаулықты аналардың өнерге деген сүйіспеншілігі ауыл көлемімен шектелмей, түрлі мәдени шараларда көрініс табуда. Наурыз мерекесі мен өзге де думанды кештерде сахна төрінен табылып, аудандық байқауларға қатысып жүрген ансамбль ауыл абыройын асқақтатып келеді.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.