Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауына байланысты телеэфирде жасаған мәлімдемесінде ел алдындағы 10 негізгі міндетті атады, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі.
«Қазақстан әлемдегі түрлі сынақтарға төтеп беріп, қарқынды экономикалық даму жолына бет алды. Еліміздің 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді Даму стратегиясы жүзеге асырылуда. Жүз нақты қадам Ұлт жоспары аясында біз реформаларды жүргізіп келеміз. Индустрияландыру саласын өркендету үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Біз конституциялық реформаны жүзеге асырып, еліміздің Үшінші жаңғыруын бастадық. Рухани жаңғыру бағыты бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілуде. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданды», — деді Елбасы.
Сонымен қатар, Қазақстан халқының алдындағы негізгі 10 міндетті атады.
«Мен жүзеге асыруымыз керек 10 міндетті көріп отырмын. Олардың мазмұны туралы қысқаша айтып өтсем. Біріншісі — қазақстандық индустрия жаңа технологияларды енгізуде флагман бола білуі керек. Біз өнеркәсіпте өндіріс процестерін цифрландыру мен заманауи бизнес-модельдерді игеру арқылы еңбек өндірісінің деңгейін көтеруге тиіспіз. Екіншіден, ресурстық әлеуетті қолдану тиімділігін барынша жақсарту керек. Қазіргі уақытта ақпараттық-технологиялық шешімдерді енгізу талап етіліп отыр. Бұл шығарылатын өнімдердің үлесін арттыруға, оларды қайта өңдеу тереңдігін меңгеруге, сонымен бірге энергияны үнемдеуге және өндірістің экологиясының жақсаруына мүмкіндік береді», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру керектігін 3-міндетте атап өтті. Сонымен қатар, транспорт пен логистикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту, ТҮКШ және құрылыс саласында заманауи технологияларды қолдануды да міндет етті.
Үшінші, агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру керек. Бұл ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортын түбегейлі арттыру;
Төртінші, транспорт пен логистикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыта беру.
Цифрлық технологияларды енгізу мен Интеллектуалды транспорт жүйесін құру жүк тасымалдау мерзімдерін қысқартуға және транзиттен түсетін табыстарды еселеуге мүмкіндік береді.
Бесінші, ТҮКШ және құрылыс саласында заманауи технологияларды қолдану. Құрылыс жүргізудің жаңа әдістері, ғимараттың энергияны үнемдеу талабын көтеру, инфрақұрылымдарды интеллектуалдық жүйемен басқару — қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға жол ашады
Мемлекет басшысы Қазақстандағы қаржы секторының «қайта жандануын» 6-міндет қылып, 7,8-міндеттер ретінде адам капиталы, тиімді мемлекеттік басқару мәселелеріне тоқталды.
«Банктік жүйелерді дамыту бақылау жолымен және қарапайым азаматтардың мүддесі үшін жүргізілуі керек. Банктерге иелік ететін адамдардың жауапкершілігін арттырудың маңызы зор. Жетінші — адам капиталының жаңа сапасы. Білімнің барлық жүйесі заманауи талаптарға және экономиканың барық қажеттілігіне жауап беруі тиіс. Сегізінші — бұл тиімді мемлекеттік басқару. Цифрлық технологиялар бизнесті қайта реттеуге, мемлекет тарапынан көрсетілетін қызмет пен мемлекеттік қолдаудың сапасын арттыруға, азаматтардың қажеттілігін барынша есепке алуға мүмкіндік береді», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаевтың тоғызыншыдан заңның құзіреттілігі мен жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қалатынын айтып өтті. Оныншы міндет ретінде «Смарт сити» технологиясының енгізілуі өсіп бара жатқан қалалардың мәселелерін тиімді түрде шешуге жол ашып, инвесторлардың қызығушылығын туғызатынын жеткізді.
«Біздің бәріміз бүгінгі күні осы он тапсырманы орындауға күш салуымыз керек. Жолдаудың толық мәтінінде олардың барлығы көрсетіледі», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мәлімдеменің соңында, аталған міндетті орындау үшін халық бірлігі мен ынтамығының маңыздылығын жеткізді.
«Аталған міндеттерді орындау үшін бүкіл қоғамның бірлігі мен ынтымағы керек. Ол үшін Үкімет пен әкімдер кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Отанымыздың көркеюі әркімнің жаңа «цифрлық дәуір» талаптарына сай болуына байланысты. Осыны әрбір қазақстандық терең түсінуі керек. Қазақстанның жарқын болашағы жолында барлық мақсаттарға қол жеткізетінімізге кәміл сенемін», — деді Мемлекет басшысы.