«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ОҚО көш бастап тұр

0 14

Оңтүстік Қазақстан облысында өткен жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 900-ден астам маман ауылдық жерлерде жұмысқа орналастырылса, оның ішінде 303 маман тұрғын үймен қамтамасыз етілген, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Аталған мемлекеттік бағдарламаны орындауда облыс республикада көш бастап тұр. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық отбасы, балалар мен жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова мәлім етті.

Оның айтуынша, өткен жылы 33 мыңнан астам жас жұмысқа орналастырылса, оның ішінде 18,2 мыңы ауыл жастары. Сондай-ақ, былтыр 216 жасқа тұрғын үй берілген.

Елбасының тікелей бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан «Серпін» бағдарламасы бойынша Оңтүстіктен 7500-ден астам жас Солтүстік өңірлердегі оқу орындарында білім алуда. Осылайша жалпы республика көлемінде бөлінген 15 мыңға жуық гранттың 50 пайыздан астамын Оңтүстік Қазақстан облысының жастары иеленген.

«Бүгінгі таңда облыста 750 мыңнан астам жас бар, бұл өңір халқының 26 пайызы. Қазір аймақта жастарға арналған 57 қоғамдық бірлестік, 7 республикалық жастар ұйымдарының филиалдары мен 20 этномәдени орталықтың жанынан жастар қанаттары жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар, жоғары оқу орындары мен колледждерде — 41, ал кәсіпорындарда — 13 жастар ісі комитеттері бар. Онда 400 мыңға жуық жас мүшелік етеді», — деді Балмаржан Полатқызы.

Бұдан өзге, «Жасыл ел» еңбек жасақтарына 2017 жылы 1200-ден астам жас тартылған. Осы жасақтардың күшімен 117 елді мекендегі 6 мың метрге жуық шарбақтар сырланып, 100 мыңнан астам көшет отырғызылды. Жалпы 445,8 мың гектар саябақтар мен аллеялар, көше бойлары абаттандырылды. Студенттік құрылыс отрядтарында 500-ге жуық жас еңбек етті.

Бүгінгі таңда жастар арасындағы шешімін табуды қажет етіп отырған өзекті мәселе жастар арасында құқықбұзушылық. Облыста аталған мәселе 2016 жылмен салыстырғанда былтыр 8,3 пайызға азайған.

Дереккөз: Baq.kz 

Leave A Reply

Your email address will not be published.