Назарбаев Иранда әуе апатынан қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты
Мемлекет басшысы Ирандағы жолаушылар ұшағы апатының салдарынан көптеген адамның қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.
«Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, қайғыларына ортақтастығымды білдіремін», – делінген жеделхатта.
Еске сала кетейік,18 ақпан күні Иранның Исфахан провинциясында жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады.
Тегераннан Ясудж қаласына бет алған әуе көлігінің бортында 60 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі болған. Ұшақ иесі «Аземан Эйрлайнз» компаниясы олардың барлығы қаза тапқанын мәлімдеді. Ұшақ Семиром қаласына жақын жерге құлаған. Куәгерлердің айтуынша, әуе көлігі бір шаруа қожалығына жақын аумаққа қонуға әрекет жасаған. Қазір оқиға болған ауданда іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Әнуар Жайнақовтың хабарлауынша, ұшақ апатынан қаза болғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ.