Өзбекстанға келетін туристерге елдің ішкі істер органдарына тіркелу процедурасы жеңілдейді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Бұл туралы туризмді дамытуға арналған видеоселектрлық жиналыс барысында белгілі болды. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев белгіленген мерзімде электрондық визаларды енгізу, әлемдік тәжірибені зерттей отырып осы жүйені әрі қарай оңтайландыру және шетелдік туристердің келу тәртібін оңтайландыру туралы тапсырма берді.
Қазіргі заңнамаға сәйкес, Өзбекстанға келген туристер 3 күннің ішінде тұрғылықты жері бойынша тіркелуі тиіс.
«Турист ішкі істер органдарының мекемелеріне барып жүру үшін емес, саяхаттауға келеді. Егер біз туризмнің есебінен жұмыс орындарын ашқымыз келсе, туристерге талап қоймай, олардың жағдайын жасауымыз керек», — деді Өзбекстан президенті.
Осыған байланысты тіркеу жүйесін толықтай электрондық үлгіге ауыстыру, сондай-ақ ішкі істер органдарына, қонақ үйлерге, медициналық мекемелерге, жеке үйлерге және туристерді қабылдайтын басқа да жеке және заңды тұлғаларға тіркеу бойынша міндеттер жүктелді.
Еске салайық, 2017 жылы Өзбекстанға 2 миллион 700 мыңға жуық турист барған.