Қызылордада туыстары үйлендірмей қойған ғашықтар елу жылдан соң қайта қосылды

0 1

Қызылордада ел-жұрттың назарын өзіне аударған оқиға орын алды. Бұдан елу жыл бұрын бір-біріне қосыла алмай, құса болған ғашықтар жарты ғасырдан соң қайта қосылды деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Мәрзия мен Амангелді бір мектепте оқыған. Олар оныншы сынып бітірген соң бір-біріне үйленуге серт берген. Алайда Қызылорда маңындағы шағын ауылда тұратын Мәрзияның әкесі оны өзінен он жас үлкен досының ұлына күйеуге беріп жіберіп, ғашықтар қосыла алмай қалған. Ал сүйіктісінің өзгеге тұрмысқа шығып кеткеніне көндіге алмаған Амангелді атай отызға келгенше сүр бойдақ болып, сол күйінше үйленбегенін айтады.

«Ол кезде жаспыз. Мәрзияға үйленем деп жүрген кезде, әкесі оны үлкен кісіге тұрмысқа беріп жіберді. Содан қосыла алмадық. Енді, жақсы көрдік қой. Сезіміміз әлі де бар болғаны ғой. Мен Алматыға кеттім. Кейін үйленіп, ауылға барсам, Мәрзияның күйеуі қайтыс болып кетіпті. Енді қазір менің де кемпірім о дүниелік болды. Сондықтан, осылай шешіп, екеуіміз қосылып отырмыз», — дейді жетпіске келіп қалған ақсақал.

Айтуынша, Мәрзияның бес баласы бар. Қырықтан асқан шағында жесір қалған. Ал балалары қазір үйлі-баранды кеткен екен.

«Мен отыздан асқанда үйлендім. Бұдан он жыл бұрын менің де кемпірім қайтты. Үш баламыз бар. Олардың енді өз отбасы бар дегендей. Мәрзияны тауып алдым. Ешкім қарсы болмады. Басында ол елдің сөзіне қарайлап, бірақ қашты. Бірақ, жалғыздық құдайға ғана жарасқан ғой», — деп өз ойымен бөлісті ол.

Елу жылдан кейін қосылып отырған ғашықтардың балалары олардың бұл ойын қуана-қуана құптаған. Олар ата-анасына бақыт тілеп, дүркіретіп той да жасап беріпті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.