Ақтөбеде «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы тұрғын үй кешенінен балалар үйінің 3 түлегіне үй берілді, деп хабарлады 24.kz
Сонымен бірге 19 жетім баланың тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіндегі есепшотына алғашқы жарналар аударылды. Қаладағы кәсіпкерлер алдағы уақытта да қаржы бөліп, ата-ана қамқорынсыз қалғандарға көмектесіп отырады. Ақтөбеде баспанаға мұқтаж 372 жетім бала болса, олардың 258-не демеушілер жүйелі түрде қол ұштарын созып отырады. Мұндай игі істер биылғы жылы молынан болмақ. Себебі 2018 жыл Ақтөбе өңірінде «Бала жылы» деп жарияланды. Биыл тағы 77 бала мемлекеттік тұрғын үй қоры есебінен пәтер алады. Сондай-ақ жыл бойына «Бақытты балалық шақ» жобасы іске асады. Яғни бүлдіршіндерге арналған стоматологиялық клиникасы, мүмкіндігі шектеулі балаларды сауықтыру орталығы мен оқу-жаттығу лагерлері пайдалануға беріледі. Одан бөлек 160 ойын алаңы мен 100 спорт алаңы салынады деп жоспарланған.
Лариса Захарова, «Алға» балалар үйінің түлегі:
– Пәтер кілтін алғаныма қуанып тұрмын. Біз бұл баспананы 10 жыл күттік. Мемлекет тарапынан осындай қолдаудың болғаны болашаққа зор сенім ұялатады. Жақында жаңа пәтерімізге көшеміз. Өз үйің болған керемет қой.