Жамбыл облысының әкімі Талас, Сарысу аудандарында жұмыс сапарымен болды

0 2

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Талас және Сарысу аудандарында іссапармен болып, аймақтардағы бірқатар өндірістік нысандар мен әлеуметтік инфрақұрылымдардың жұмысымен танысты.

Іссапардың алғашқы күнінде Талас ауданының әлеуметтік-экономикалық даму мүмкіндігіне назар аударылды. Өңір басшысы Қасқабұлақ ауылындағы «Айза» шаруа қожалығының тыныс- тіршілігін көзбен көрді. Шаруашылық құрылым қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойын өсіріп, мал бордақылауға бейімделген. Мұнда қазір 2800 бас ұсақ және 30 бас ірі қара мал бар. Бордақылау алаңы 500 бас қойға арналған. Шаруалар асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мақсатында 10,2 миллион теңге субсидия алған. Өңір басшысы бүгінде мемлекеттің ет өнімдерін экспорттау көлемін арттыруға айрықша ден қойып отырғанын тілге тиек етті. Сондықтан да шаруаларға мал шаруашылығы саласын субсидияландырудың барлық тетіктерін қолдану артық етпейді.


Одан соң Асқар Мырзахметов мәрмәр тасынан құрылысқа қажетті плиталар дайындайтын «Азмина-Мрамор» және «Атамекен-Мрамор-Көктал» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің де жұмысымен жақынырақ танысты. Маусымдық тапсырыстарға ғана тәуелді кәсіпорындарға инвестиция тарту қиындық туғызуда. Нәтижесінде өндірісті заман ағымына сай жабдықтау ісі кенжелеп тұр. Өңір басшысы өнімді өтімді етуде кәсіби менеджерлер мен кеңесшілерді тарта отырып, маркетингтік саясат жүргізу қажет екендігін алға тартты. Сапар барысында аудандық кәсіпкерлер палатасында болған Асқар Мырзахметов бизнес өкілдеріне қолдау шараларын ұйымдастыруға тиісті мекеменің аймаққа инвестиция тартудағы рөліне айрықша тоқталып өтті. Алайда, қашанда кәсіпкерлерге қол ұшын созуға әзір палатаның аудандық филиалы орналасқан ғимараттың тозығы жеткен. Облыс әкімі жергілікті басшыларға аталмыш мәселені тез арада реттеп, палатаның аудандық филиалын кәсіпкерліктің қыр-сырын оқытып-үйрететін орынға айналдыру қажеттігін айтты.
Талас ауданындағы әлеуметтік саланың жай-күйі Қаратау қаласындағы «Күн нұры» балабақшасын аралау сәтінде сөз болды. 2010 жылы мемлекет меншігіне қайтарылған ғимарат қазір бос тұр. Оған күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу құны 320,2 миллион теңгеге бағаланған. Нысан пайдалануға берілсе 140 таластық бүлдіршін мектепке дейінгі тәрбие беру орнымен қамтамасыз етілмек. Облыс әкімі нысанды пайдалануға беру мәселесін уақыт оздырмай шешуді тапсырды.
Аудан орталығындағы 3-ші шағын аудандағы 60 пәтерлі тұрғын үйде де күрделі жөндеуден өткізу мәселесі бар. Ғимараттың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге аудан бюджетінен 6,5 миллион теңге қаражат бөлінді. Таяу арада толығымен қайта жаңғыртудан өтіп, тиісті инженерлік инфрақұрылымдармен толық қамтамасыз етілген нысан таластықтарды тұрғын үймен қамту мәселесінің шешімін табуға септігін тигізбек.
Қаратау қаласындағы «Игілік» коммуналды мемлекеттік мекемесінде болған облыс әкіміне аудандағы жылыту маусымын өткізудің барысы туралы мәлімет берілді. Қазіргі таңда кәсіпорынмен Қаратау қаласындағы су тазарту кешенін жаңғырту жобасы да іске асырылып жатыр. Жобаның құны 2,2 миллиард теңге. Сондай–ақ, моноқаланың магистралды жылу жүйелері күрделі жөндеуден өткізіледі.
Ауданға жасаған сапарында А.Мырзахметов Талас ауданындағы ірі өндіріс ошақтарының жағдайында назардан шет қалдырмады. Жылына 300 тонна өнім өндіруге қабілетті «Жамбыл-Недр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жаңа цемент зауытының құрылысы аяқталған. Алайда инженерлік-техникалық желілерді тарту ісінің толық жүргізілмеуіне байланысты кәсіпорын іске қосылған жоқ. Сол секілді натрий цианиді мен аммоний сульфатын өндіретін «Talas Invest Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де өндірістік қуаттылығынан шыға алмай отыр. Зауыт жетекшілері мәселені технологиялық жүйелер мен қондырғылырдың істен шығуымен байланыстырып отыр.
2011 жылдан бастап іске асырыла бастаған «Сарытас-Удобрения» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі минералды тыңайтқыштар шығаратын ірі кәсіпорын биыл алғашқы өнімін береді. Құны 365,5 миллиард теңгеге бағаланған жоба аясында 2000 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Аймаққа жасаған іссапарының соңында аудан активімен жиын өткізген Асқар Мырзахметов жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырма берді. Атап айтқанда, алдағы уақытта аудандағы ірі өндірістік жобаларды іске асыру, Қаратау қаласындағы бос тұрған тұрғын үйлерді қалпына келтіру, агросекторды қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын белсенді қолдану мүмкіндігіне басымдық беріледі.
Облыс әкімі А.Мырзахметов Сарысу ауданына жасаған жұмыс сапарын Жаңатас қаласындағы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тау өңдеу кешенінің орталық байыту фабрикасының тыныс-тіршілігімен танысудан бастады. Өткен жылы 356,7 мың тонна ұнтақталған және ұсақталған фосфор өндірген өнеркәсіп кешенінің өнімі Өзбекстан, Түрікменстан, Ресей нарығында сұранысқа ие. Қазіргі таңда серіктес 1536 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бір ғана орталық байыту фабрикасының өзінде 246 адам еңбек етеді.
Келесі сәтте өңір басшысы бірқатар әлеуметтік нысандарда болып, тиісті сала жетекшілермен оларда қалыптасқан
ъмәселелерді шешу жайын сөз етті. Облыс әкімі әуелі «Жаңатас Су Жылу» коммуналды мемлекеттік кәсіпорнының қалалық орталық қазандығына ат басын бұрды. Аудан орталығын сумен және жылумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорынның қалыпты жұмысын жалғастыру үшін бу қазандығының түтін мұржасын жөндеу қажет. Тозығы жеткен түтін мұржасын қайта жаңғыртуға облыстық бюджеттен 20 миллион теңге бөлу көзделіп отыр. Сол секілді, 1973 жылы тұрғын үй ретінде салынған «Үш алып» ғимараты да күрделі жөндеуге сұранып тұр. Құны 2 миллиард теңгені құрайтын құрылыс-монтаж жұмыстарынан соң көп қабатты тұрғын үйлерге 192 отбасын қоныстандыруға болады. Сондай-ақ ғимараттардың 1-қабатын кәсіпкерлік нысан ретінде пайдалануға мүмкіндік бар. Ал Жаңатас қаласындағы 1 шағын ауданындағы №34 тұрғын үйді қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылы пайдалануға берілетін нысан арқылы 120 жаңатастықтың баспана мәселесі түбегейлі шешімін табады.
Келесі сәтте өңір басшысы аудандағы алпауыт өндіріс ошағы саналатын «Еврохим-Тыңайтқыш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де тыныс-тіршілігін көзбен көрді. Жылына 1,4 миилион тонна минералды тыңайтқыш өндіретін өнеркәсіп кешенінде жаңа химиялық зауыт ашу жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның алғашқы кезеңінде Сарысу ауданында фосфорит кенін өндіретін үш кен ошағы салынбақ. Ал,оның екінші кезеңінде іске қосылған химиялық кешенде жылына 660 мың тонна фосфор, 630 мың тонна калий тыңайтқышы өндіріледі.
Облыс әкімі А. Мырзахметов «Түрікстан» ауыл шаруашылығы кооперативіне қарасты «Жарасбек–ата» шаруа қожалығына да барып, агроқұрылымның аяқ алысын көзбен көрді. Қазіргі таңда қожалық иелігінде 789 бас қой-ешкі, 62 бас мүйізді ірі қара малы бар. Шаруашылық құрылым жетекшілері саланы қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларға да белсенді қатысып, мал мен техника сатып алуға қажетті қаржылай қолдау алған.

Аймақтарға жасаған жұмыс сапарының қорытындысы бойынша актив жиынын өткізген облыс әкімі олардағы жұмысты жүйелеу, әлеуметтік мәселелерді реттеу жайына жауапты тұлғаларға нақты тапсырма берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.