Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қол қойды

0 0

Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуының 26-жылдығына орай, БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қол қою рәсімі өтті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 9 қаңтардағы №617 Жарлығымен берілген өкілеттілікке сәйкес, Шартқа БҰҰ жанындағы ҚР Тұрақты өкілі Қайрат Омаров қол қойды.

«Ядролық қарусыздану тарихындағы алғашқы заңдық күші бар құжатқа айналған Шарттың мәтінін әзірлеуге және оның қабылдануына Қазақстан белсенді түрде қатысып келді. Құжаттың негізгі ережелері әлемдегі төртінші ең ірі ядролық арсенал иесінен ядролық қарусыздану мен таратпау саласындағы көшбасшы мемлекетке айналудың өнегелі жолын көрсеткен Қазақстанның қағидатты ұстанымына жауап береді. Еліміздің мұндай ерен жетістіктері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдегі ең ірі екінші ядролық полигонды жабу, қырғи-қабақ соғысының ядролық мұрасынан бас тарту сияқты тарихи шешімдерінің арқасында мүмкін болды. Ядролық статустан арылуымыз кездейсоқ шешім болған жоқ, керісінше ядролық сынақтардың бар қасіретін өз көзімен көріп, үшінші буындағы ұрпақтарымыздың осы қарудың ауыр салдарын басынан өткеруін жете ұғынған жауапты мемлекеттің аңдап басқан қадамы болды», — делінген ведомства хабарламасында.

Сонымен қатар, Елбасы ядролық апатты болдырмау үшін ядролық державаларға адамзат алдындағы зор жауапкершілік жүктелгенін атап өтті.

«Әсіресе, ірі ядролық державалар ядросыз әлем құру үшін күрестің алдыңғы шебінде болып, жаппай қырып-жою қаруларын қысқартудың үлгісін көрсетуі қажет. Бірақ бұл басқа елдер сырт қалуға тиіс, олар ештеңеге ықпал ете алмайды дегенді білдірмейді. Екінші жағынан, егер ірі ядролық державалар өздерінің ядролық статустарын сақтап, қаруларын жетілдіретін болса және басқаларына мұндай әрекеттерге баруына тыйым салса, бұл оң нәтижелерге алып келмейді. Сондықтан, мен бұл бағытта бәрін бірлесіп күш-жігер жұмсауға шақырамын», — деген тұжырымдамасымен бірге Н. Назарбаев, БҰҰ Жарлығында жазылғандай, қауіпсіз әлем мен әділетті әлемдік тәртіпті құрудағы Қауіпсіздік Кеңесінің ерекше рөлі мен және тарихи миссиясын еске салып өтті.

Елбасы адамзаттың XXI ғасырда жаппай қырып-жою қаруларынан азат әлем құру үшін лайықты жолдан өте алатынына сенімін білдірді.

Естеріңізге сала кетсек, жаппай қырып-жою қаруының үш түрінен (ядролық, химиялық және биологиялық) ядролық қаруға ғана заңды түрде тыйым салынбаған болатын. Осыған байланысты Шарттың негізгі түйіні ядролық қаруға толық тыйым салу туралы ережелерді қамтитын «Тыйым салу» атты 1-бабы болып табылады. Аталмыш шарт халықаралық құқықтық саладағы осы бір заңдық кемшілікті жоюға бағытталған және ол ядролық қаруды жоюдың алғашқы қадамына айналып отыр.

Дереккөз: Baq.kz 

Leave A Reply

Your email address will not be published.