Таразда банкир Ержан Тәтішевті өлтірді деп айыпталып отырған бизнесмен әрі «Депутаттық корпус» ұйымдасқан қылмыстық тобының серкесі Мұратхан Тоқмәдиге қатысты қылмыстық іс бойынша басты сот отырысы бір аптаға тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тараздағы сот процесі Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатыр, оған 130 куәгер қатысуда, соның 73-інен жауап алынып, 57-сінің түсініктемесі жарияланды. Сотталушы бірінші отырыста өз айыбын мойындаған болатын. Мемлекеттік айыптаушы Ілияс Есқалиев осыған дейінгі 11 сот отырысында тергеу тұрақты, күтпеген оқиғаларсыз өткен, куәгерлер өз түсініктемелерін растаған.
«Бұл Бас прокуратураның прокуроры Бекежан Ермұханбектұлы бастаған тергеу тобы жүргізген сот тергеуінің сапасы жоғары екенін көрсетеді», — дейді Ілияс Есқалиев. Куәгерлердің түсініктемелерінен сотталушы М. Тоқмәди мен өлтірілген банкир Е. Тәтішев, ҰҚК-ның бұрынғы басшысы Н. Дүтбаев және өлтіруге тапсырыс берген қашқын олигарх М. Әблязов арасындағы қатынастардың жалпы картинасы белгілі бола бастады. Мемлекеттік айыптаудың өкілі сот талқылауы барысында аты аталған және Е. Тәтішевтің өліміне қатысы бар тұлғаларға қатысты материалдар жеке қылмыстық іске жіктеліп, тергеу жүргізілетінін жеткізді.
Е. Тәтішевтің өлімі бойынша М. Тоқмәдиге қатысты қылмыстық іс 79 томнан тұрады. Процеске судья Азамат Тілепов төрағалық етуде. Еске сала кетейік, 2017 жылдың қазанында шыққан сұхбатында сотталушы М. Тоқмәди банкир Ержан Тәтішевті 2004 жылдың 19 желтоқсанында Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар стансасы маңында аңшылыққа шыққан кезде атып өлтіргенін мойындаған. Бұдан бөлек, жемқорлық жасағанын — ҚР ІІМ Тергеу-жедел тобының басшысы Ержан Артықбаевқа ақшалай сыйақы бергенін де мойнына алған.
Енді М.Тоқмәдиге 1997 жылғы редакциядағы ҚР ҚК 96-бабы 2-бөлімі «ж», «з» тармақтарында (адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, бопсалаумен не бандитизммен адам өлтіру) қарастырылған қылмыстар жасады деген айып тағылуда.
Дереккөз: inform.kz