Машақаты мол саланы меңгеру — қайсарлық. Бүгінгі кейіпкеріміз Айнаш Мұратханқызы кондуктор болудың қиындығымен бөлісті, деп baribar.kz хабарлады.
Кондуктор саласында жүргеніме 13 жыл болды
Жолдасымның жалғыз табыс көзі қажеттіліктерімізді өтеуге жетпегендіктен, жұмыс істеуіме тура келді. Сөйтіп, автобус кондукторы қызметі бойынша жұмыс таптым. Міне, биыл “Қарғалы – Алматы” жол бағытындағы автобуста кондуктор болып қызмет атқарып жатқандығыма 13 жылдың көлемі болды.
Балаларым бастапқы кезде намыстанатын еді…
Алғашында балаларым, жолдасым бұл жұмысыма қарсы болды. Бірақ жолдасымның тапқан қаражаты жеткіліксіз болғаннан кейін, үйде бей-жәй қарап, отыра алмадым.
Кондуктор болудың да өз машақаты мен міндеті бар
«Үлкен шыдамдылық пен төзімділікті талап ететін қандай жұмыс?» деп сұраса, ойланбастан кондуктор қызметін айтар едім.
Адамдардың барлығы бірдей бола бермейді. Әрқайсысында мінез бар. Дөрекілік танытып, ашуға бой алдырып жататын сәттерде өзімді сабырлы болуға шақырамын. Әртүрлі жағдайлар да болып тұрады. Кейбіреулері «ақшам жетпей тұр» десе, біреулер тіпті азын-аулақ жол ақысын төлемей түсіп кетеді.
Ауысыммен жұмыс жасаймыз
Жұмыс уақыты таңғы 05:40-тен басталып, кешкі 19:30-ға дейін жалғасады. Қарғалы мен Алматы арақашықтығы 45 километр. Бір күнде үш рейс жасаймыз.
Нәпақамызды жалақы ретінде емес, күнделікті қолымызға санап аламыз. Еңбекақымыз бұрындары 2000 теңге болса, соңғы 2-3 жылда 3500 теңгеге көтерілді.
Қазақ қызының автобуста кондуктор болғанын қаламаймын
Соңғы екі-үш жылда бұл салада нәзік жандылардың саны көбеюде. Қазірдің өзінде “Қарғалы-Алматы” бағытындағы кондуктор әйелдер саны – алтау. Негізі бұл қыз бала үшін ауыр жұмыс. Әйел адамның организмі, ер адамдарға қарағанда жаман энергияны тез қабылдап алады. Сегіз сағат дамылсыз екі аяқпен қақайып тұру, қаншама қуатты талап етеді.
Адал жасаған істің ғұмыры ұзақ болады
Жолаушыларға, әсіресе жастарға айтарым: қоғамдық көлікке отырған кезде қоқыстарыңызды қалдырып кетпей, тазалыққа мән берсеңіздер! Өйткені, автобустың тазалығына біз жауаптымыз. Әрине, біз де жолаушыларды түсінеміз. Жұмыстан шаршап, сіркелері су көтермей келе жатады. Дегенмен, сіздер, жұмыс істеп келе жатсаңыздар, біз жұмыс жасап тұрмыз. Осы жайтты ескерсек, арамызда түсініспеушілік болмайды.