Елбасы Астана процесі туралы: Келіссөздер Сириядағы шиеленістерді реттеуге жол ашты

0 5

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана процесінің Сирия аумағындағы шиеленістерді реттеп, үлкен соғыстың тоқтауына ықпал етті деп есептейді.

Бұл туралы Елбасы ресейлік «Бірінші арнада» «Воскресное время» бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан жылдар бойы өзін барлық мемлекеттердің сеніміне ие, бейбіт ел ретінде көрсетті. Осыған орай Владимир Владимирович (Путин, РФ президенті — ред.) Иран және Түркия президенттерімен Астананы үкіметтік делегация мен Сирия оппозициясының келіссөздеріне арналған алаңға айналдыруды ұсынды және біз келісім бердік», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Астанада сирияаралық келіссөздердің сегіз раунды өткенін еске салды.

«Олар жоғары бағаланды, себебі мұнда Женева келіссөздеріне қатыспағандар да келді. Дәл осы келіссөздер шиеленістерді деэскалациялауға, кей жерлердегі соғыстарды тоқтатуға әкелді және Сочиде өткен форумды ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Яғни, Путин айтқандай, шешімдердің дипломатиялық болуы үшін жұмыстар атқарылып жатыр», — деді Қазақстан Президенті.

 Сондай-ақ, Н. Назарбаев әлемдегі бейбітшілік үшін өзара сенімнің маңызды рөл атқаратынын баса айтты.

«Өкінішке қарай, бүгінде әлемдік саясаттың негізгі ойыншылары  тіл табыса алмай отыр. Бәтуа жоқ, сенім жоқ. Бәрібір келешекте оны қалпына келтіру қажет болады, онсыз әлем тыныш күн кешпейді және бәрімізге қажет уағдаластықтар болмайды. Менің ойымша, болашақ әлемнің түрлі көзқарастарына және көптің пікірлерін ескеруге негізделген», — деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.