Диқандарды кім арзан жанармайсыз қалдырды?

0 3

Диқандар арзан жанармайдан қағылды! Бүгін Ауыл шаруашылығы вице-министрі премьер Бақытжан Сағынтаевқа осылай деп шағымданды, деп хабарлайды КТК.kz

Диқандардың айтуынша, көктемгі егінге қажетті солярканы шаруаларға жеткізуі тиіс операторлар, бас пайдасын ойлап, жағармайды қымбатқа басқаларға сатып жіберген. Негізі Үкімет шаруаларды жарылқау үшін 370 мың тонна дизелді арзан бағамен үлестіретінін айтқан еді.

Бизнесмендер Мұнай өңдеу зауыттарынан солярканы литріне 130 теңгеден алып, диқандарға 146 теңгеден жеткізіп беруі тиіс еді. Бірақ, жанармай тасымалдайтын кәсіпкерлер енді келісімді бұзып отыр екен. Әсіресе, оңтүстік өңірдің диқандарын дизельмен жабдықтауы тиіс ірі оператор ақпаннан бері жанармай жеткізуді қойыпты.

АРМАН ЕВНИЕВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

«Ресурс ұстаушы «Petroprox» тарапынан Алматы облысы операторларына ақпан наурыз айлары үшін дизель жеткізу мәселесін Энергетика министрлігі шешкен жоқ. Және ақпан айы үшін 1900  тонна жеткізу міндеттемесін орындамады деуге болады. Наурыз айы үшін де 1800 тонна міндеттеменің орындалмай қалу қауіпі бар».

Айтуларынша, жауапсыздық танытқан компаниямен биыл алғаш рет келісім жасалыпты. Әрі министрлік, дауға қалған оператордың  пайданы көздеп, солярканы басқаларға 170 теңгеден сатып жібергенін де мойындап отыр. Енді олар келісімді тағы бұзса, шара қолданылмақ.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Энергетика вице-министрі:

«Ауыл шаруашылығы министрлігі айтып кетті. «Petroprox»-пен түйіткіл болып жатқанын. Оны біз білеміз. Ол мәселе айдың аяғына дейін өз шешімін табады деп ойлаймыз. Көктемгі егін жұмыстарының маңызын ескере отырып, дизелдің дер кезінде жеткізілуіне басымдық беріп отырмыз. Бұл мәселе жіті қадағалауымызда».

Бұл мәселені енді Астанада қатаң бақылауға алмақ.  Өйткені, жанармай жеткізумен тағы қиындықтар болса, диқандардың зардап шегетіні анық.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР премьер-министрі:

«Үкімет тарапынан барлық мәселелер шешімін тауып, қабылданды. Қаржы бөлу мәселесі, жанармай мәселесі, тұқым мәселесі де шешілді. Енді барлығын бақылауға алып, уақытында бастап кету Өмірзақ Естайұлы сіздің мойныңызда».

Ал, биылғы егінге 370 мың тонна солярка қажет екен. Оны үш мұнай өңдеу зауыты теңдей бөліп береді. Ал, науқанның өзі әзірге оңтүстік өңірлерде ғана басталды. Қалған өңірлердің диқандары соқа-саймандарын әзірлеп, жердің дайын болуын күтіп отыр. Қар толық еріген соң,олар да жұмысқа кіріседі. Жалпы биыл 22 миллион гектарға жуық жерге астық егіледі деп жоспарланған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.