Кеше Үкімет отырысында қандай мәселелер талқыланды?

0 5

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын, тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындылары, сондай-ақ мемлекеттік қала құрылысы кадастрының қызметі мен оны енгізу мәселелері қаралды.

Төтенше жағдайға төтеп берер құрал-жабдық тапшы

Алқалы жиында күн тәртібіндегі мәселелерге дейін Үкімет басшысы Шығыс Қазақстан облысында орын алған су тасқыны жайында облыс әкімінен есеп беруді сұрады. Облыс әкімі Даниал Ахметов қабылданған шаралар туралы баяндады. Сондай-ақ Ішкі істер министрінің орынбасары Жанат Сүлейменов пен Энергетика министрі Қанат Бозымбаев су тасқынына қарсы шаралар мен гидрометеорологиялық болжамдар жайында айтты.

Облыс әкімі Д.Ахметов өз кезегінде жұмыс қарқынды жүріп жатқанын, тиісті қаражат бөлініп, зардап шеккен тұрғындарға қолдау да, көмек те жасалып жатқанын жеткізе келе, бұл ретте төтенше жағдайлар департаментіне қатысты түйткілдің барын жайып салды. Айтуынша, облыста су тасқынымен күреске қажетті құрал-жабдықтар жетіспейді

«Төтенше жағдайлар департаментінің бірде-бір құрал-жабдығы жоқ. Мысалы, мотопомпа. Жоспар бойынша ол облыста 249 болуы керек. Ал бізде 55-і ғана бар. Көшпелі мотопомпа ең керегі осы ғой, норма бойынша 112 болуы керек. Ал бізде екеу ғана. Қайыққа тоқталайық, ол 69 болуы қажет. Ал бізде 14 қайық қана бар. Жол талғамайтын көлік, салайдағыш 55 болуы тиіс, біреуі де жоқ», деді әкім. Сонымен қатар өңірде төтенше жағдайлар қызметінде нормаға сәйкес 55 көлік болуы шарт. Ал қазіргі кезде облыста тек 9 көлік бар. «Ал енді жігіттеріміз судың басында жүр ғой. Оларға гидрокомбинезон керек. Жоспар бойынша 1 мың болуы керек. Бірақ бүкіл облыста 86 ғана. Осы жағдайға жай қарамайық. Биылғы жылдың басында 300 млн теңге бөлдік. Қазір тағы 200 млн бөліп отырмыз. Бірақ осы мәселені бірге шешуге мүмкіншілікті тауып берсеңіз», деді Даниал Ахметов. Үкімет басшысы бұл ұсыныстың өте орынды екенін баса атап өтті. Асқар Маминге қажетті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, мәселені қарап шығуды тапсырды. Себебі мұндай жағдай тек Шығыс Қазақстан облысында ғана емес, барлық облыстарда болуы мүмкін. Қорытындысында Премьер-Министр Б.Сағынтаев өңірлердің, Астана мен Алматы қалаларының әкімдеріне су тасқыны жағдайын ерекше бақылауға алуды және зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Үйлестіру жұмыстары Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге жүктелді. Айтқандай Үкімет отырысында Б.Сағынтаев көп адам қаза тапқан Кемероводағы қайғылы оқиғаға да тоқталды. «Біз бұдан сабақ алуымыз керек», деді Премьер-Министр. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне және өртке қарсы қызметтерге әкімдермен бірлесіп барлық сауда орталықтарына тексеру жүргізіп, қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.

Өндіріс өрісі кеңейді

Үкімет отырысында 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындылары қаралды. Бұл ретте Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек бағдарламаның табысты іске асырылуы өңдеу өнеркәсібінің өсуіне оң ықпал еткенін атап өтті. Мәселен, 2017 жылдың қорытындысында 2015 жылмен салыстырғанда 5,7 пайызға ұлғайған. Ж.Қасымбек қорытынды нәтижелерді егжей-тегжейлі баяндағаннан кейін Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Алик Айдарбаев қосымша мәліметтермен бөлісті. Сондай-ақ бірқатар облыс әкімдері есеп берді. Қорытындысында Премьер-Министр Б. Сағынтаев Инвестициялар және даму министрлігіне өңдеу өнеркәсібінің барлық саласына талдау жасауды тапсырды. «Бағдарламаның 2017 жылғы нәтижесі жаман емес. Барлық негізгі көрсеткіштер бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Дегенмен бірнеше мәселеге көңіл бөлгім келіп отыр. Бірінші, Үкіметтің өткен жолғы кеңейтілген отырысында Елбасы өңдеу өнеркәсібінің өсіміне қарамастан оның экономикадағы үлесі соңғы жылдарда 11 пайыздан аспайтынын атап көрсеткен болатын. Осыған байланысты Үкіметтің алдына өңдеу өнеркәсібінің қарқынын мұнан да жоғарылату міндеті қойылды. Сол себептен Жеңіс Махмұдұлы, сіздің министрлік Ұлттық экономика және салалық министрліктермен, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе отырып, өңдеу өнеркәсібінің барлық саласына талдау жасап, әлеуеті бар өсу нүктелерін айқындауы қажет», деді Үкімет басшысы. Сонымен қатар Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында индустрияландыру жаңа технологиялар енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс екендігін ерекше атап көрсеткендігін еске салды. «Сол себептен айтылған мәселелердің барлығы индустрияландырудың жаңа мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасын дайындау кезінде ескерілуі қажет», деді Премьер-Министр. Сондай-ақ Инвестициялар және даму министрінің назарын Индустрияландыру картасы жобаларын іске асыруға аударды.

«Өңірлік карталарды қараған кезде 100-ден астам жоба енгізіліп отыр. Алайда олардың барлығы индустрияландырудың басымдықтарына сай келмейді. Осыған байланысты Жеңіс Махмұдұлы, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе отырып, қажетті іс-шараларды қамтамасыз ету керек. Тағы бір мәселе, Жеңіс Махмұдұлының баяндамасында айтылып өткендей, өңделген өнімнің экспорты бойынша көрсеткіштерді қарайтын болсақ, Ақмола облысының былтырғы жылғы нақты көлем индексі – 60, Оңтүстік Қазақстан облысы – 71, Астана – 40, Алматы 87 пайызды құрайды». деді Б.Сағынтаев. Өңір басшыларына осы айтылған цифрларға көңіл бөлу керектігін ескертті.

Цифрландыруға қомақты қаржы бөлінуде

Алқалы жиында қаралған келесі мәселе – мемлекеттік қала құрылысы кадастрының қызметі мен оны енгізу жайы. Бұл бағытта қолға алынған шаралар жөнінде Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек баяндады. «Өңірлер қала құрылысы кадастрының қолда бар ақпараттық ресурстарын ұсыну, сондай-ақ инженерлік желілер мен коммуникацияларды түгендеуге қаражат бөлу жұмыстарын бастады. Бүгінде Көкшетау, Ақтөбе, Атырау қалаларының және Алматы облысының Талдықорған қаласы мен 8 аудан орталықтарының деректері берілді. Қарағанды облысы Қарағанды қаласының деректерін берді. Батыс Қазақстан облысы материалдар беруге дайындалуда және үш жыл ішінде 1 аудан орталығының аумағын түгендеуге 225 млн теңге бөледі», деді министр. Айтуынша, биылғы жылы Жамбыл облысы бойынша 191 млн теңге және кейінгі 3 жылға облыс аумақтарын түгендеу үшін 725 млн теңге қарастырылып отыр. Ал Қостанай облысы биыл түгендеуге 100 млн теңге және келесі жылға 252 млн теңге бөлуді жоспарлаған. «Қызылорда облысы бойынша барлық қолда бар деректер толығымен берілді. Маңғыстау облысы Ақтау, Жаңаөзен қалаларының және 2 аудан орталығының деректерін берді, басқа аудандарды түгендеуге қаражат бөлетін болады. Павлодар облысы Павлодар қаласы бойынша ішінара деректер берді, келесі жылы түгендеуге 77 млн теңге бөлу жоспарланып отыр», деді Ж.Қасымбек.

Сондай-ақ министр қала құрылысы кадастрының деректерін цифрландыру ел бойынша 20 пайызды құрайтынын атап өтті.

«Көпшілік өңірлерде инженерлік коммуникациялар туралы деректерді табиғи монополиялар субъектілері әртүрлі форматтарда қағаз жүзінде координаттар жүйелеріне байланыссыз жүргізеді. Облыс орталықтарын қоспағанда елді мекендердің қала құрылысы кадастры іс жүзінде құрылмаған. Әкімдіктер ұсынған мәліметтер бойынша қала құрылысы кадастрының деректерін цифрландыру деңгейі бүкіл ел бойынша орта есеппен 20 пайызды құрайды», деді министр. Оның мәліметінше, барлық елді мекендердің инженерлік желілері мен коммуникациялары Қызылорда облысы мен Астана қаласында 100 пайыз, Алматы қаласында таулы жерді қоспағанда 80 пайыз цифрландырылған. «Әкімдіктердің деректері бойынша қала құрылысы кадастрының цифрлы деректері Қарағанды және Талдықорған қалаларында – 100, Орал қаласында – 95, Атырау қаласында – 80, Көкшетау қаласында – 46, Шымкент қаласында – 32 және Павлодар қаласында 11 қалыптастырылды. Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай және Жамбыл облыстарында 1х500 масштабты кадастрдың цифрлы деректері іс жүзінде жоқ», деді министр Тіл үйренуге қолжетімділікті арттыру қажет Үкімет отырысында «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» өткен жылғы қорытындыларымен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бөлісті. «Жыл сайынғы жүргізілген зерттеулер нәтижелері тұрғындардың мемлекеттік тілді меңгеруінде оң динамиканы көрсетті. 2017 жылы мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 83,1 пайызды құрады. 2016 жылы көрсеткіш біршама төмен болатын. Үш тілді меңгерген ересек тұрғындар үлесі 22,3 пайызды құрады», деді министр. Министрдің көлемді баяндамасынан соң Үкімет басшысы бірқатар тапсырмалар жүктеді.

«Тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасының өткен жылғы нәтижесі жаман емес. Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың есептік кезеңдегі мониторингі оң үрдістің бар екенін көрсетіп отыр. Белгілі нәтижелерге қарамастан назар аударатын кейбір мәселелер бар. Біріншіден, халыққа қазақ тілін ақысыз, тегін үйрететін курстардың жұмысын белсенді жандандыру қажет. Сонымен қатар өзге тілдерді оқытып, үйрететін курстардың қолжетімділігін арттыру, оның ішінде интернет, ақпараттық ресурстар арқылы үйретуге айрықша көңіл бөлінуі тиіс. Бұл Мәдениет және спорт министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың жұмысы», деді Премьер-Министр. Үкімет басшысының айтуынша, тілдерді үйрену мен қолдануға және арнайы әдебиеттерді жарыққа шығаруға мемлекеттік бюджеттен қомақты қаражат бөлініп отыр. Осыған байланысты халықтың арасында кеңінен сұранысқа ие заманауи оқу әдістемелік құралдарды, балалар кітаптарын басып шығару керек. «Екіншіден, қазақ тілінің латын графикасына көшуін іске асыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу қажет. Әліпбидің кезең-кезеңімен көшуі бойынша тиісті іс-шаралар жоспары бекітілді. Осыған байланысты барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдарға іс-шаралар жоспарының дер кезінде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Ерболат Асқарбекұлы, комиссия төрағасының орынбасары ретінде Арыстанбек Мұхамедиұлымен бірлесе отырып, осы жұмыстарды бақылауға алуды тапсырамын», деді Б.Сағынтаев.

Дереккөз: egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.