ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ақпарат, ақпараттық коммуникациялық және мемлекеттік қызметтерді көрсету салаларын дамыту мәселелері бойынша Қоғамдық кеңестің отырысында БАҚ-пен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті тұлғаның типтік жобасын таныстырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Отырыста жобаны таныстырған министрліктің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаменті директоры Елдос Нәшірәлі өткен жылдың соңында ақпарат және коммуникациялар мәселері бойынша заң қабылданып, БАҚ-тың дамуына жайлы өзгерістер қарастырылғанын еске салды.
«Ол өзгерістердің бірі — орталық мемлекеттік органдарда, жергілікті атқарушы органдарда БАҚ-пен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті құру болатын. Өздеріңіз білетіндей, аталған мәселеге қатысты бірыңғай жол жоқ еді. Әрбір мемлекеттік орган өзінің қажеттіліктеріне қарай ресми тұлғаны немесе баспасөз хатшысын белгілеп келген. Бұл жұмыстағы жүйелілікті қалыптастыру үшін министрлікпен заң аясында уәкілетті органның немесе құрылымдық бөлімшенің міндеттері мен тапсырмаларының, қызметінің базасын анықтайтын типтік қалып жасалды», — деді ол.
Елдос Нәшірәлінің айтуынша, заң аясында аталмыш жауапты тұлғаның немесе бөлімшенің тұрақты түрде жұмыс жүргізіп тұруын қамтамасын етуге бағытталған шаралар қарастырылған.
«Демек, ол (баспасөз хатшылығы — авт.) басқа да бір құрылымдық бөлімшенің құрамында бола алмайды. Ол тек бірінші басшыға бағынады», — деді министрлік өкілі. Елдос Нәшірәлі түсіндіріп өткендей, уәкілетті тұлғаның, бөлімшенің мақсаты нақты айқындалған. Яғни ол уақтылы әрі сапалы түрде мемлекеттік органның ақпаратын бере алады. Осының арқасында тілшілер қауымымен белсенді әрі тығыз жұмыс жасалып, баспасөз мәслихатын, брифингті өткізу, сұхбат ұйымдастыру жұмыстары атқарылады.
Отырыста сөз алған ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің орынбасары Алан Әжібаев мұндай заңға сүйеніп, бірінші басшылар тілшілермен сұхбаттасудан қашпай ма деген сұраққа жауап берді.
«Үкімет немесе Парламент отырысында болсын, қазіргі уақытта бірінші басшы тілшілердің сұрағына қашан да ашық түрде жауап беріп жүр. Сонымен қатар, қоса кетерлігі — бірінші басшының ресми өкілі кез келген уақытта тілшілердің сұрағына жауап бере алатын адам болады», — деді вице-министр.