Еліміздегі бизнесті ала дорба арқалаған әйелдер бастады — ҰКП

0 21

«Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев Ақтөбедегі форумда бизнестегі әйелдердің рөлі туралы айтып берді. Сонымен қатар, елімізде «5 мың ауылға 5 мың қамқоршы» жобасы іске асырылатынын жариялады, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ал «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев 90-шы жылдары отбасын асыру үшін ала дорба арқалаған әйелдерді бизнестің бастауы деп атап өтті.

«Бизнесте әйелдер көп деп айтамыз. Жас ұрпақ білмеуі мүмкін, бірақ тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қытайлық ала сөмкені арқалаған әйелдер Қытай, Түркияға барып, тауар тасыды. Бұл — Қазақстан бизнесінің бастауы. Бір әріптесіміз, «сол жылдары сөмкемен зат тасыған әйелдерге ескерткіш қойса да артық етпейді» деп айтқан болатын. Мұны ұмытпаған жөн»,- «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев.

Кәсіпкерлер палатасы «Бизнес бастау» жобасы аясында ауылда жұмыссыз жүрген адамдарды 1 ай бойы оқытады. Өткен жылы еліміз бойынша 15 мың адам кәсіпкерлік әліппесін үйреніп, 8,5 мыңы бизнес жобасын қорғады. Ал 3,5 мың адам жобасын іске асыруға несие алды. Оқып, өз жобасын жасаған 5 мың адамдарға биыл қаржы бөлінеді.

«Биыл 30 мың адам «Бизнес бастау» жобасы арқылы оқытылады. Жоспар бойынша 20 мыңнан астам адам бизнес жоспарын құрып, қорғайды. Кәсіпкерлік әліппесін үйреніп жүргендердің 70-80 пайызы жұмыссыздар, өз-өзін жұмыспен қамтып отырған адам. Мәселен, Маңғыстау облысының 70 жастағы тұрғыны оқып, бизнес жоспарын қорғады. Қағаз бен қалам алып, жоспар құрып, 5 миллион теңге несие алды. Қазір өзінің бес келініне жұмыс беріп отыр, жалақы төлейді»,- деді «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев.

Ал Ақтөбенің Темір ауданы, Шұбарқұдықта 50 адам оқыды. Оның 15-іне несие беріліп, кәсіпкерлер жұмысқа кірісті.

«Ең бірінші несие мәселесін шешу керек. Дегенмен бизнес жобаның өміршеңдігін естен шығармауға тиіспіз. Сонымен қатар, Жақсылық Үшкемпіровтің туған ауылына жасап жатқан көмегін негізге алып, 5 мың ауылды есептеп шықтық. «5 мың ауылға — 5 мың қамқоршы» жобасы басталды. Менің ойымша, кәсіпкерлер туған ауылына көмектесуге дайын»,- деді Э.Жұмағазиев.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Туған жер» жобасы аясында бұл іс қолға алынды. Сіз ұсынған идеяны қолдаймыз. 5 мың ауыл көп емес. Бизнес иелері бізде бірнеше есе көп екенін ескерсек, бәрі сәтті іске асырылады. Өзге өңірлердегі әріптестерім де қолдайтынына сенімдімін. Ақтөбеде «Тulek.kz» сайты ашылып, туған жерге көмек беріліп жатыр. Аудан орталығы ғана емес, ауылды да көтеру керек»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев форумда сөйлеген сөзінде.

Еске сала кетейік, жоғарыда аталған форум жұмысына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова қатысып, Президенттің бес әлеуметтік бастамасын түсіндіріп берген болатын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.