21 маусым күні, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркі дүниесі университеттері жастарының IV жазғы оқу курсы өз жұмысын бастады. Аталған шара салтанатты түрде ашылды.
Университет ректоры Б.С.Абдрасилов, ректор өкілі М.Куталмыш сөз сөйлеп, оқуда сәттілік тіледі. Ректор Б.С.Абдрасилов: «Қымбатты жастар! Жазғы оқу курстарыңызға сәттілік тілеймін. Сіздердей ынтымағы жарасқан Түркі жұрағатының тату жастары – бауырластық көпірін нығайтуға атсалысып жүргеніне қуаныштымын. Халықаралық статусы бар университетімізде түркі дүниесі студенттерінің білім алмасуы, достық қарым-қатынас орнатуы – туыс елдер арасында алтын көпір болатын игі іс. Алдағы уақытта, университетімізге академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында келіп тіл үйренуге және магистратура, докторантураға оқуға шақырамын. Келешек түркі әлемі бірлігінің негізін салатын сіздердей жастары бар елдің мәртебесі мен мерейі әрқашан биік»-деп, жастарды құттықтады.
Университет Академиялық ұтқырлық бөлімінің хабарлауынша, жазғы курсқа 391 студент келген. Алдағы 3 апта бойы Түркия Республикасынан 210, Қырғызстаннан 73, Өзбекстаннан 15, Қазақстан ЖОО-нан келген 93 студент білім алмасатын болады. Жазғы оқу курсы бағдарламасы Түркия Республикасы тарапынан қаржыландырылып отыр.
Түркия Республикасынан келген білім алушылар қазақ және орыс тілінде, ал Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген студенттер түрік тілінде дәріс алады. Курста ҚР Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында семинарлар, мәдени бағдарламалар, тарихи-мәдени орындарға, киелі жерлерге экскурсиялар ұйымдастырылады.
Шетелден келген жастардың құрметіне оқу орынның өнерпаз студенттері мерекелік концерт ұйымдастырды. Сондай-ақ, университет басшысы Б.Абдрасилов та Түркі дүниесінен келген қонақтарға өз өнерін паш етіп, әннен шашу шашып жиналған жұртшылықтың мерейін тасытты.
Университет жатақханасына орналасқан қонақ білімгерлер Орталық асханадан 3 мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі. Жастар үшін университеттің Клиника-диагностикалық орталығы ақысыз қызмет көрсететін болады.
Ақпарат орталығы