Алматыда қызына қонаққа келіп, жоғалып кеткен өзбекстандық қария Тараздан табылды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
65 жастағы Өзбекстан азаматы Бекжан Бегиев 1 шілде күні күндізгі 10:30-дар шамасында Алатау ауданы Мәдениет ауылындағы жер үйден шығып кеткен.
Жақындары оны көшеде серуендеп қайтуға шыққан болар деп алаңсыз отырып қалған. Ас дайын болғанда, ер адамды шақырмақ болған туыстары оны еш жерден таба алмаған.
Белгілі болғандай, ер адам ауладан шығып кеткен соң үйді қайтадан таба алмай қалған.
Адасқан қария Алматыдағы Сайран автовокзалына жетіп алып, сонда түнеген.
«Есінде тек Тараздағы інісінің мекенжайы болғандықтан, ол кісі тікелей Таразға кетіп қалған. Бізге өзі сол жақтан «аман-есен жеттім» деп хабарласты», — деді туыстары.
Ал Алматыдағы қызы мен жекжаттары 65 жастағы ер адамның жоғалып кеткені туралы Алатау аудандық ІІБ-не арызданып үлгерген.